Боевик жұлдыздары бірге түскен фото — фейк

Cкриншот: Instagram/alimasadia
Әлеуметтік желіде Мексикадағы стадионда, футболдан әлем чемпионатына бас қосқан боевик жұлдыздарының фотосы тарады. Nofake.kz аталған фотоны зерттеп, расымен «Голливуд жұлдыздары бірге бас қосты ма?» деген сауалға жауап іздеп көрді.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі бірнеше танымал экшн-фильм актерлері бірге түскен суретті желіге жүктеген. Онда Джейсон Стэйтем, Сильвестр Сталлоне, Арнольд Шварценеггер, Джеки Чан, Киану Ривз, Дуэйн Джонсон, Жан-Клод Ван Дамм, Дольф Лундгрен және Терри Крюс бейнеленгенін көруге болады.

Десе де, оқырмандар ол суреттің жалған екенін, ЖИ көмегімен жасалғанын жарыса жазып жатыр.

Nofake.kz фотосуретті зерттеп көрді. Нәтижесінде оның шынайы емес екенін және расымен жасанды интеллект көмегімен жасалғанына көз жеткізді.
Біріншіден, Gemini жүйесінің кері іздеу құралы арқылы жүргізілген талдау нәтижесінде бұл суреттің шынайы оқиғаға қатысы жоқ екені және жасанды интеллект құралдарының көмегімен жасалғаны анықталды.
Екіншіден, жасанды интеллектпен жасалғанын көрсететін белгілердің қатарында «OFFICIAL» және «VIP» деген жазулардың бұрмалануы, нысандар арасындағы жалған шекаралар, сондай-ақ күрделі түсірілім жағдайында адамдардың бет-жүзінің шамадан тыс жарық болғанын байқауға болады.
Үшіншіден, аталған актерлердің ресми дереккөздері мен жеке әлеуметтік желідегі парақшаларын тексеру барысында, олардың стадионда бірге болғанын растайтын ешқандай ақпарат таппадық.

Төртіншіден, суреттегі «LoFi Angeles Stadium» — жазбасына мән беру керек. Шын мәнінде мұндай стадион жоқ. Бұл — суреттің ЖИ көмегімен жасалғандығының тағы бір дәлелі. Себебі, ЖИ әдетте әріптердің орнын шатастырып жазуы мүмкін. Тағы бір мән беретін жайт — дәл осы жазба анық емес күйде, бірнеше мәрте қайталанып берілген.

Бесіншіден, актерлердің сыртындағы үлкен экранда «FIFA CLUB WORLD CUP» деген жазба бар болса да, логотип, одан да басқа жазбалардың барлығы нақты жазылмаған.
Алтыншыдан, актерлердің бейджиктері де күмәнді. ЖИ онда актерлердің шын атын ұсақ әріппен, нақтылап жазбай, керісінше «ресми» сөзін ғана үлкен қаріптермен жазған.
Сонымен, желіде тарап жатқан Голливуд жұлдыздарының бірге түскен суретін — фейк деп айтуға толық негіз бар. Фотода жасанды интеллект көмегімен жасалған контентке тән бірнеше белгі анық байқалады: жазулардың бұрмалануы, бейджиктердегі сәйкессіздіктер, логотиптердің анық болмауы және актерлердің бұл іс-шараға бірге қатысқанын растайтын ресми ақпараттың жоқтығы.
Сондықтан әлеуметтік желілерде таралған мұндай суреттерге бірден сене бермей, ақпараттың түпнұсқалығын тексерген жөн. Жасанды интеллект технологиялары дамыған сайын шынайы мен жалған контентті ажырату қиындай түсуде, сондықтан кез келген сенсациялық ақпаратқа сыни көзқараспен қарау маңызды.


