Бірқатар шай өнімдеріне қойылған шектеулер алынып тасталды

Фото: chaihanadastarhan.ru
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті «Orda Trade Astana» ЖШС-нің бірқатар шай өнімдерін әкелу мен өткізуге қойылған шектеулерді алып тастады, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Шешім өнімнің өндірісі мен айналымының барлық кезеңдерінде сәйкестендіру мен қадағаланушылықтың қамтамасыз етілгенін растайтын материалдарды қарау нәтижелері бойынша, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық сараптама қорытындылары негізінде қабылданды», – деп хабарлады комитет.
Ведомство мәліметінше, шектеулер Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 38-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына сәйкес алынып тасталған.
Шектеу алынған өнімдер тізіміне:
- «Апамның шәйі Premium Gold»;
- «Орда Кения»;
- «Әл-Қайрат шәйі Premium Gold» енгізілді.
Комитеттің қаулысына сәйкес, аталған шай өнімдерін Қазақстан аумағына әкелуге және өткізуге қойылған тыйым ресми түрде күшін жойды.
Айта кетейік, бұған дейін аталған шәй өнімдерінен қауіпті қоспалар табылған болатын.


