Билл Гейтс Альцгеймерді емдейтін өнім ойлап тапты – фейк

Фото: reuters.com
Әлеуметтік желілерде Билл Гейтстің Альцгеймер мен деменцияны толық емдейтін «Brain Honey», «Mind Boost» немесе «Memopezil» атты өнімдерді жарнамалаған видео тарап жатыр. Бұл – алаяқтық әрекет, деп хабарлайды Nofake.kz.
Желіде аталған өнімдердің жарнамасы жиілеген соң, оқырман бірнеше ай бойы Snopes.com редакциясына хат жазып, миллиардер Билл Гейтстің осы өнімдерге қатысы бар-жоғын білгісі келген. Мысалы, бір оқырман CNN агенттігінің мақаласына ұқсайтын скриншотпен бөліскен. Онда: «Технология магнаты мұны «МРТ-дан кейінгі ең үлкен серпіліс» деп атап, Альцгеймер дағдарысын тоқтата алатынын мәлімдеді», — деп жазылған.

Snopes.com осы мағыналас жарнамалардың заңдылығын тексерген. Редакция Гейтстің «Brain Honey», «Mind Boost» немесе «Memopezil» аталатын өнімдерді жасағаны, жарнамалағаны немесе сатқаны туралы ешқандай дәлел таппаған. Керісінше, бұл жарнамалар алаяқтықтың үйреншікті схемасына сәйкес келеді: Гейтстің атын пайдаланып, адамдарды тексерілмеген БАД-тарды (биологиялық белсенді қоспалар) сатып алуға итермелеу.
Бұл қауесет қайдан шықты?
Гейтс көптеген жыл Альцгеймерді зерттеу туралы ашық айтып, деменцияға қатысты зерттеулерге жеке қаражатын салып келеді. Бірақ ол Альцгеймерді емдеймін деп айтқан жоқ. Гейтс 2018 жылы дертке қарсы жаңа тәсілдерді табу үшін жеке өзі 100 миллион доллар бөлгенін мәлімдеген. Гейтстің дәл осы қызығушылығы алаяқтардың жарнамасын сенімді етіп көрсетуге көмектесті. Гейтс қоры да алаяқтардың олардың атын, логотипін және суреттерін жиі заңсыз пайдаланатынын ескертеді.
Гейтстің қатысы жоқ
Алаяқтар Билл Гейтс зерттеулерге бөлген гранттары туралы ескі сұхбаттарын алып, Deepfake (жасанды интеллект) арқылы дауысы мен бейнесін өзгерткен. Жарнама сізді NBC немесе CNN сайтына ұқсайтын жалған бетке бағыттайды. Ондағы мақсат — тексерілмеген, ешқандай емдік қасиеті жоқ тағамдық қоспаларды (БАД) қымбат бағаға сату.
Әлемде Альцгеймер ауруын толық жазатын дәрі әлі ойлап табылған жоқ. Қорыта айтқанда, Билл Гейтс ешқандай «миға арналған өнім» сатпайды. Бұл — адамдардың сенімі мен денсаулығын пайдаланып ақша табуды көздейтін кибер-алаяқтардың ісі.


