NoFake

Алаяқтар жүргізушілерге KazToll атынан SMS жіберіп жатыр

Скриншот ложного сообщения/t.me/qazavtojol

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ақылы автожол пайдаланушыларға KazToll қызметінің атынан алаяқтық хабарламалар тарап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ведомствоның мәліметінше, жүргізушілерді алдап жүрген қаскөйлер көбейген.

«Соңғы уақытта жүргізушілерге ақылы жолдармен жүргені үшін берешекті өтеуді талап ететін SMS-хабарламалар келе бастады. Ондай хабарламаларда күмәнді сілтемелер, соның ішінде KazToll-дың ресми сайтына ұқсатып жасалған жалған ресурстар көрсетілген», – делінген таратылған ресми хабарламада.

Ұлттық компания көлік жүргізушілерге төлем жасағанда қауіпсіздікке назар аударып, сайт мекенжайын мұқият тексеруді сұрайды.

«Төлем алу жүйесінің ресми сайты — kaztoll.kz. Сәл де болса өзгеше жазылған (мысалы, kaztoll.nbvntrqz.cfd/com) сілтемелердің KazToll қызметіне және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына ешқандай қатысы жоқ», — дейді компания өкілдері.

Мамандар мұндай жалған сілтемелердің соңы үлкен материалдық шығынға әкелуі мүмкін екенін ескертті.

«Мұндай күмәнді сілтемелерге өту дербес деректердің, банктік мәліметтердің және ақшалай қаражаттың ұрлануына әкеп соғуы мүмкін», — дейді мамандар.

Цифрлық қауіпсіздікті қалай сақтаймыз?

«ҚазАвтоЖол» компаниясы мына ережелерді қатаң сақтауды сұрайды:

  • Күмәнді SMS пен мессенджерлерден келген сілтемелерді мүлде ашпаңыз;
  • Төлем жасамас бұрын сайттың мекенжайын (браузер жолағын) міндетті түрде тексеріңіз;
  • Жол ақысын тек ресми kaztoll.kz сайты арқылы ғана төлеңіз;
  • Күмәнді хабарлама алған жағдайда оған жауап бермеңіз және жеке деректеріңізді ешкімге айтпаңыз.

«Беймәлім сайттарға банк карталарының деректерін, ЖСН, құпия сөздер мен SMS-кодтарды енгізбеңіз. Қажет болған жағдайда ақпаратты тек ресми көздерден немесе 1403 байланыс орталығы арқылы нақтылаңыздар», – деп ескертеді компания өкілдері.

Ақылы жолдарға қатысты барлық ресми хабарлама мен жаңалық компанияның ресми интернет-ресурстарында жарияланады. Белгісіз нөмірден келген хабарламаларға сенбеңіз.

Оқу үшін