NoFake

«Береке» үйіндегі өрт: өрттің пластик бөтелке үшін тұтанғаны туралы ақпарат расталмады

Скриншот: видео

Астана қаласының ТЖД «Береке» тұрғын үй кешенінде болған өрттің күн сәулесінің астында қалған пластик су бөтелкелерінен шыққаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Nofake.kz.

Мессенджерлерде тараған хабарламада күннің астында қалған пластик су бөтелкелері «шыны секілді әсер етіп», соның салдарынан пәтерде өрт тұтанып, кейін жалын көрші балкондарға тарағаны айтылған. Сондай-ақ хабарламада азаматтарға күннің астында су бөтелкелерін, шыны заттарды және электрондық құрылғыларды қалдыруға болмайтыны туралы жазылған.

Скриншот: WatsApp әлеуметтік желісі

ТЖД мәліметінше, 2026 жылғы 23 маусымда Отырар көшесі, 18 мекенжайында орналасқан «Береке» тұрғын үй кешенінде шынымен өрт болған. Жалпы аумағы 40 шаршы метрді құраған тілсіз жау бірнеше балконды шарпыған.

«Зардап шеккендер жоқ. ТЖД қызметкерлері құтқару маскаларының көмегімен төрт адамды, оның ішінде бір баланы құтқарды. Он адам эвакуацияланды, тағы 40 тұрғын ғимараттан өздігінен шықты. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр», – деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар құтқарушылар пластик су бөтелкелерінен өрт шыққаны туралы ақпараттың ресми түрде расталмағанын атап өтті.

«Пластик су бөтелкелерінен өрт шыққаны туралы ақпаратқа келсек, қазіргі уақытта бұл деректі растайтын нақты фактілер жоқ», – деді ТЖД өкілдері.

Сонымен бірге ведомство аптап ыстық кезінде балкондарда тез тұтанатын сұйықтықтарды, аэрозольді және газ баллондарын, қағаз, картон және өзге де жанғыш материалдарды сақтамауға кеңес берді. Сондай-ақ ТЖД балкондарды артық заттардан босатып, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салды.

Оқу үшін