NoFake

Бас прокуратура бұлттық сервистер атынан келетін жалған хабарламалар туралы ескертті

Иллюстрация: freepik.com

ҚР Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті бұлттық сервистерді пайдаланушыларға интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті, деп хабарлайды Nofake.kz.

ҚР Бас прокуратурасы алаяқтар iPhone пайдаланушыларына iCloud бұлттық қойманың толып кеткені туралы жалған электрондық хаттар, SMS-хабарламалар және хабарландыруларды жаппай таратып жатқанын ескертеді.

«Олар хабарламаларда аккаунттың бұғатталатынын, фото, бейнежазбалар мен құжаттардың жойылуы мүмкін екенін айтады. Бұл хабарламалар бұлттық платформалар мен танымал сервистерден келетін ресми ескертулерге өте ұқсайды. Сондықтан адамдар оларға тез сеніп қалады», — делінген хабарламада.

Одан бөлек, алаяқтар операцияны жылдам аяқтау үшін, азаматтарға сілтемеге тездетіп өтіп, қойма көлемін ұлғайтуды, төлем деректерін жаңартуды немесе қолжетімділікті қалпына келтіруді сұрайды.

«Сілтемені басқан кезде, адамдар шынайы сервистерді көшіретін фишингтік сайтқа түседі. Сөйтіп онда енгізілген логин, құпия сөздер мен банк деректері кибер қылмыскерлердің қолына түседі», — делінген хабарламада.

ҚР Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мұндай жалған хабарлама Google Drive, Mail.ru бұлты, Яндекс Диск және т.б. платформалардан келуі мүмкін екенін ескертеді. Сол себепті, ведомство төмендегі кеңестерге құлақ асуды ұсынады:

— SMS, электрондық пошта және мессенджерлердегі «шұғыл» хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу;

— бұлттық қойманың жағдайын тек ресми қосымшалар немесе сайттар арқылы тексеру;

— бөгде парақшаларға логин, құпия сөздер және банк деректерін енгізбеу;

— барлық бұлттық және пошталық аккаунттарда екі факторлы аутентификацияны қосу;

— түрлі сервистер үшін бірегей және күрделі парольдерді пайдалану;

— бұзып кіру күдігі болған жағдайда дереу құпия сөзді ауыстырып, барлық жұмыс істеп тұрған сессияларды жабу қажет.

Осыған орай, ведомство деректердің жойылуы немесе аккаунттың бұғатталуы туралы кез келген хабарламаны тек ресми сервистер арқылы тексеруді ескертеді.

Оқу үшін