NoFake

Балаларға қарсы кибербуллинг: қауіпті ақпарат 24 сағатта бұғатталады

Фото: Depositphotos

Елімізде балаларды кибербуллингтен қорғау және заңға қайшы материалдарға тосқауыл қою шаралары күшейтілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz

Министрдің айтуынша, қазір виртуалды кеңістіктегі заңсыздықтармен күрес Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында тұр.

«Өздеріңізге белгілі, Бас прокуратураға арнайы құзыреттілік берілген. Егер интернет желісінде кибербуллинг белгілері немесе балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер байқалатын болса, олар бұл ресурстарды 24 сағаттың ішінде бұғаттайды. Қазіргі таңда мұндай зиянды контенттің саны күн санап артып келеді. Осы орайда, балалардың жас ерекшеліктеріне сай келмейтін материалдарды бұғаттау шаралары ІІМ тарапынан жіті қадағалануда», — деді ведомство басшысы.

Балалар арасындағы кибербуллинг, буллинг және аутодеструктивті мінез-құлық (суицид) мәселелерін шешу мақсатында арнайы ведомствоаралық үлкен комиссия жұмыс істейді. Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Балаева Аида Ғалымқызы басшылық ететін бұл комиссия өңірлердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Жұлдыз Сүлейменова кибербуллинг фактілерімен жұмыс істеудің нақты алгоритмін атап өтті.

Ай сайын бес өңір таңдалады да, сол аймақта төрт арнайы жиналыс өткізіледі. Оқушылар арасында орын алған әрбір кибербуллинг пен суицид фактісі толыққанды зерделеніп, пысықталады.

Мектептерде мамандар онлайн ортада қысым көрген немесе психологиялық қиындыққа тап болған балалармен жұмыс істейді.

Интернеттегі қоқан-лоқы немесе буллинг құрбаны болған балалар мен олардың ата-аналары «111» бірыңғай байланыс орталығына жүгіне алады. Бұл жүйеге бірнеше негізгі мемлекеттік орган мен жергілікті әкімдіктер тікелей интеграцияланған.

 «Егер байланыс орталығына кибербуллинг немесе өзге де құқық бұзушылықтар бойынша қоңырау түсетін болса, бізге бірден хабар жетеді. Біз бұл ақпаратты және баланың қауіпсіздігіне төнген қатерді оперативті (шұғыл) түрде көріп, дереу әрекет ететін боламыз», — деп түйіндеді сөзін Оқу-ағарту министрі.

ҚР ІІМ, Цифрлық даму министрлігі, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері мен әкімдіктердің ақпараттық жүесі осы орталықпен интеграцияланған. Егер орталыққа қоңырау түссе, аталған органдарға бірден хабар келеді.

Оқу үшін