Аулаға көлік қоюға тыйым салынған жоқ — ҚР ІІМ

Фото: Depositphotos
ҚР ІІМ «1 шілдеден тұрғын үй маңындағы аумақтарға автокөлік қоюға тыйым салынады» деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Министрліктің мәліметінше, жол жүру ережесіне, көлікті тоқтату және тұраққа қоюға қатысты заңға өзгеріс енгізілген жоқ.
«Көлік құралдарының тоқтауы мен тұруына қойылатын талаптар бұрынғыдай қалады. Сонымен қатар, көлік құралдарын гүлзарларға, көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына қоюға және тоқтатуға тыйым салу Жол жүрісі қағидаларының (ЖЖҚ) қолданыстағы нормалары болып табылатынын атап өтеміз», — деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
Сондай-ақ, ІІМ көлік жүргізуішлерге ЖЖҚ-ны қатаң сақтауға, жолдарда мұқият болуға және өзара құрмет көрсетуге шақырды. Ведомство балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, ата-аналарға олардың мінез-құлқына бақылауды күшейту керектігін және көшедегі өзін-өзі ұстау ережелерін түсіндіру қажеттігін ескертті.
«Тек бірлескен күш-жігердің арқасында жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға болады», — деп толықтырды ол.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі де үй маңындағы аумақты реттеу нормаларына өзгеріс енгізілмегенін мәлімдеді.


