NoFake

Атырауда хирург тегін ота үшін пациенттерден ақша алып отырған

Фото: depositphotos

Атырау облысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін көрсетілуі тиіс операциялар үшін пациенттерден ақша алған деген күдікке ілінген дәрігердің қылмыстық іс сотқа жолданды.

«Күдікті пациенттерден варикоз ауруына жасалатын операциялардың МӘМС шеңберінде тегін жүргізілетіні туралы ақпаратты жасырған және көрсетілген қызметтер үшін төлемді өзінің банктік шоттарына қабылдап отырған», – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Тергеу мәліметінше, дәрігер 2023–2025 жылдар аралығында «Family Health Clinic» ЖШС мен «Ким В.» ЖК клиникаларында жұмыс істеген. Осы кезеңде ол пациенттерге варикоз ауруына жасалатын операциялардың МӘМС аясында тегін көрсетілетінін айтпай, олардың ақысын өзінің жеке банк шоттарына қабылдап отырған.

Сонымен қатар, «DamuMed» жүйесіне пациенттерге тегін медициналық көмек көрсетілгені туралы мәліметтер енгізіліп, осының негізінде медициналық ұйымдарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржы аударылған.

Осылайша, бір медициналық қызмет үшін төлем екі рет жүргізілген: бір жағынан МӘМС қаражаты есебінен, екінші жағынан пациенттердің өз қалтасынан төленген.

ҚМА мәліметінше, осы схема арқылы күдікті 42 пациенттің 8 миллион теңгеден астам қаражатын заңсыз иемденген. Ал көрсетілген қызметтер үшін медициналық ұйымдарға Қор тарапынан 14,8 миллион теңгеден астам қаражат аударылған.

Тергеу барысында оның қызметтік міндеттерін орындағаны үшін пациенттерден заңсыз ақшалай сыйақы алғаны да анықталған. Күдіктіге қатысты елден кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Оқу үшін