NoFake

Астанадағы Ботаникалық бақта неге пикник жасауға болмайды

Фото: Gov.kz

Астанада саябақтар, гүлзарлар мен өзге де қоғамдық орындарда абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылау күшейтілді. Қала әкімдігінің мәліметінше, Ботаникалық бақ аумағында пикник ұйымдастыруға тыйым салынған.

Әкімдік «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды профилактикалық рейдтер басталғанын хабарлады. Алғашқы рейд Ботаникалық бақта өтті. Алдағы уақытта мұндай тексерулер елорданың саябақтары, гүлзарлары мен басқа да қоғамдық орындарында тұрақты жүргізіледі.

Рейд барысында абаттандыру қағидаларын сақтау, заңсыз сауданың жолын кесу және балаларға арналған электр көліктерін рұқсатсыз жалға беру фактілерінің алдын алу жұмыстары жүргізілді.

Есіл ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Алдауовтың айтуынша, тұрғындарға Ботаникалық бақ аумағында қоқыс қалдыруға және пикник ұйымдастыруға болмайтыны түсіндіріліп жатыр.

«Ботаникалық бақ – ойын-сауық саябағы емес. Мұнда сирек кездесетін өсімдіктер өседі. Бұл жерге тұрғындар серуендеп, таза ауамен тыныстау үшін келеді. Егер заң бұзушылық қайталанса, полиция қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тартады», – деді ол.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Ботаникалық баққа іргелес аумақта абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 700-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. ӘҚБтК-нің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін ескерту жасалады немесе 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ рұқсат етілмеген жерде сауда жасағаны үшін 300-ден астам адам жауапқа тартылған.

Оқу үшін