NoFake

Астанада сатушыларды жалған чекпен алдаған күдікті ұсталды

Фото: Depositphotos

Астанада базар сатушыларына жалған төлем чектерін көрсетіп, тауар алып жүрген 34 жастағы қала тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Тергеу мәліметінше, күдікті сауда орындарын аралап, өзін қарапайым сатып алушы ретінде көрсеткен. Көкөніс пен жеміс-жидек таңдағаннан кейін мобильді қосымша арқылы ақша аударған кейіп танытып, сатушыға жалған төлем чегін ұсынған.

«Ақша шотқа түсті деп ойлаған сатушылар тауарды күдіктіге берген. Тексеру барысында оның мұндай алаяқтықты алғаш рет жасамағаны анықталды. Бұған дейін де бірнеше сатушыны дәл осындай тәсілмен алдаған», – делінген полиция хабарламасында.

Қазір полицейлер күдіктінің осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Полиция кәсіпкерлер мен сатушыларға сатып алушы көрсеткен чекке ғана сенбей, қаражаттың банк шотына нақты түскенін тексергеннен кейін ғана тауарды беруге кеңес берді.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары осы азаматтың әрекетінен зардап шеккен немесе осындай жағдайға тап болған тұрғындарды «102» арнасына хабарласуға немесе жақын жердегі полиция бөліміне жүгінуге шақырды.

Оқу үшін