Астанада қарияларға интернет-алаяқтардың негізгі тәсілдері түсіндірілді

Фото: Gov.kz
Астана әкімдігі қаланың егде жастағы тұрғындарына интернет-алаяқтықтан қалай қорғану қажеттігін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Тұрғындарға қауіпсіздік ерележелерін түсіндірген Алматы ауданы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Қамалиев алаяқтық мәселесі бүгінде кез келген жастағы адамға қатысты екенін атап өтті.
«Алаяқтардың құрбаны тек қарттар ғана болады деу – қате. Иә, олар қауіпке ұшырайтын топқа жатады, бірақ алаяқтардың айласына орта жастағылар да, жастар да түсіп жатады. Шартты түрде он жәбірленушіні алсақ, олардың шамамен жартысы – егде жаста», – деді ол.
Оның айтуынша, ең кең таралған тәсілдердің бірі – мессенджерлер арқылы жасалатын қоңыраулар. Алаяқтар белгілі ұйымдардың атын жамылып, жалған аккаунттар мен аватарларды пайдаланып, өздерін ұялы байланыс операторларының немесе мемлекеттік органдардың қызметкері ретінде таныстырады. SIM-картаның мерзімін ұзарту сылтауымен олар SMS арқылы келген кодты сұрап, осылайша жеке деректерге қол жеткізеді.
Одан кейін схемаға екінші алаяқ қосылып, өзін құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік сервистердің қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушінің атына несие рәсімделгенін хабарлайды. Содан соң «алаяқтардан бұрын әрекет ету» деген желеумен несие алып, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді.
Кездесу барысында қатысушыларға интернет-алаяқтықтың ең кең таралған схемалары, жеке деректерді қорғау тәсілдері жан-жақты түсіндіріліп, цифрлық ортада құқықбұзушылықтардың алдын алуға көмектесетін практикалық ұсыныстар берілді.


