Астанада жалған жөндеуші маман жиырмаға жуық адамды алдаған

Фото: Freepik.com
Астанада алаяқ өзін құрал-жабдықтарды жөндейтін маман ретінде таныстырып, азаматтарды алдап кеткен, деп хабарлайды Nofake.kz.
Астана қаласы прокуратурасы ұсынған мәліметтерге сәйкес, ол өзін кондиционерлер, бейне камера және ауа тартқыштарды жөндейтін маман ретінде таныстырып, жабдықтарды тексеріп жатқандай жалған әрекетке барған.
«Ол әдейі және пайдакүнемдік ниетпен әрекет етіп, мекеме қызметкерлері мен иелерін адастырып, техникалық қызмет көрсетіп жатқандай көрініс қалыптастырған. Сосын жәбірленушілердің сеніміне кірген сәттен, олардың ірі ақшаларын ұсақ ақшаға айырбастап беруді ұсынып, ұсақ ақша өзінің автокөлігінде бар екенін айтып, сол жерде қашып кеткен», — делінген хабарламада.
Қала прокуратурасы алаяқтың әрекеттерінен 18 адам зардап шегіп, жалпы сомасы шамамен 3 млн теңгені құраған шығын келтірілгенін мәлімдеді.
«Ол қаражатты жеке қажеттілігіне жұмсаған. Прокурор ұсынған дәлелдемелер негізінде сотталушының кінәсі толықтай дәлелденді», — делінген хабарламада.
Сот үкімімен алаяққа 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Сондай-ақ, материалдық залал өндіріліп, үкім күшіне енгені белгілі болды.


