Астанада көшелердің жабылуы туралы ақпарат жалған – әкімдік ескертті

Фото: Gov.kz
Астана қаласында 22–24 сәуір күндері көшелердің жабылатыны туралы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тараған хабарлама шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы елорда әкімдігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, нақты уақыт пен көшелер тізімі көрсетілген мәтіндер – сенімсіз және ресми дереккөздерден алынбаған.
«Астана қаласында 22–24 сәуір аралығында көшелердің жабылу кестесі туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа сай келмейді. Нақты уақыт аралықтары мен көшелер тізімі көрсетілген мәтіннің сенімсіз екеніне назар аударамыз», – деп хабарлады әкімдік.
Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін тек жекелеген учаскелерде қозғалысқа уақытша шектеулер қойылуы мүмкін екені айтылған. Алайда әлеуметтік желілерде тарағандай толық кесте бекітілмеген.
«Күні, уақыты және көшелері бойынша бөлінген хабарлама ресми болып саналмайды және шындыққа сәйкес келмейді. Азаматтардан тек ресми ақпарат көздеріне сенуді, тексерілмеген мәліметтерді таратпауды сұраймыз», – делінген хабарламада.
Елорда әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын тек ресми арналарға сүйенуге шақырды.


