Астанада дәмханаларға ит еті жеткізіліп жатыр деген ақпарат жоққа шығарылды

Фото: depositphotos
Әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Астанадағы қоғамдық тамақтану орындарында ит еті сатылып жатқаны туралы ақпарат қайта тарады. Алайда қалалық Ветеринариялық қызмет бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Хабарланған мәліметтер 2023 жылы Ақмола облысы аумағында жануар тектес өнімдердің заңсыз айналымы анықталған оқиғаға қатысты. Қазіргі уақытта Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында мұндай өнімді жеткізу, сату немесе пайдалану фактілері ресми түрде расталған жоқ», – деп хабарлады Астана ветеринариялық қызметі.
Ведомство мәліметінше, аталған факті бойынша құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп, іс сотта қаралған. Кінәлі тұлға қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ елордада жануар тектес өнімдерге тұрақты ветеринариялық-санитариялық бақылау жүргізілетіні айтылды. Оның аясында жеткізушілер тексеріліп, азық-түлік қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қадағаланады. Қазіргі таңда ет өнімдерінің заңсыз айналымына немесе Астанадағы қоғамдық тамақтану орындарының қызметіне қатысты заңбұзушылықтар анықталмаған.
Контекст
Бұл тақырып алғаш рет 2023 жылы қоғамда қызу талқыланған еді. Сол кезде әлеуметтік желілерде «ит еті дәмханаларға өткізіліп жатыр» деген сипаттағы жазбалар тарап, кейбір Telegram-арналар мен пабликтерде түрлі болжамдар жарияланған. Кей медиада Ақмола облысында анықталған заңсыз ет айналымы туралы ақпарат Астанадағы қоғамдық тамақтану орындарымен байланыстырылып кеткен. Алайда ресми органдар ол кезде де нақты қоғамдық тамақтану орындарына ит еті жеткізілгені дәлелденбегенін хабарлаған.

Аталған мәселе соңғы аптада әлеуметтік желілерде қайта қызу талқылана бастады. Бұған журналист Тимур Балымбетов жүргізген подкаст себеп болды. Эфир барысында қоғам белсендісі Сергей Снегирев пен блогер Темирлан Тоспаев Астанадағы кейбір мейрамханаларда ит еті қолданылуы мүмкін екенін айтып, фарш құрамында өзге етпен араласуы ықтимал деген пікір білдірген.
Осыдан кейін желіде қызу пікірталас басталып, қолданушылар өткен жылдардағы оқиғаларды еске ала бастады. Кейбірі заңсыз ет айналымына қатысы бар тұлғалардың жеңіл жаза алып құтылып кететінін айтып, қоғамдық тамақтану орындарының бақылауына қатысты алаңдаушылық білдірді.


