NoFake

Ақтауда әйел жалған жүктілік анықтамасымен қамаудан жалтармақ болған

Фото: depositphotos

Ақтауда мас күйінде көлік басқарған әйел сотқа жалған жүктілік анықтамасын ұсынып, 15 тәулікке әкімшілік қамақтан босатылған. Кейін құжаттың жалған екені анықталды, деп хабарлады Маңғыстау облысының прокуратурасы.

«Істі қарау барысында құқық бұзушы сотқа жүктілік туралы дәрігердің анықтамасын ұсынған. Осыған байланысты сот оны әкімшілік қамақтан босатып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны ғана тағайындаған», — делінген прокуратура хабарламасында.

Полиция әйелге көлікті алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін әкімшілік хаттама толтырған. Бұл құқық бұзушылық үшін 15 тәулікке әкімшілік қамақ және жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Алайда Ақтау қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру барысында әйел ұсынған жүктілік туралы анықтаманың жалған екені анықталды.

«Прокурордың өтінішхаты бойынша Маңғыстау облыстық соты бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгертіп, құқық бұзушыға 15 тәулікке қамаққа алу жазасын тағайындады», — деп мәлімдеді прокуратура.

Медициналық құжатты қолдан жасау және оны пайдалану фактілері бойынша медицина қызметкері мен құқық бұзушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Оқу үшін