NoFake

АҚШ-тан келетін құлпынай құрамында рак тудыратын канцерогендер бар ма

Фото: Depositphotos

Әлеуметтік желілерде АҚШ-та танымал «Driscoll’s» брендінің құлпынай «құрамында рак тудыратын канцерогендер бар» деген ақпарат тарады.

Бұл құлпынай брендін Қазақстаннан да сатып алуға болады.

Скрин Каспи дүкен.

Snopes басылымы бұл ақпаратты жіті зерттеп, оның жалған екенін дәлелдеді. Зерттеудің ең негізгі тұстарын назарларыңызға ұсынамыз.

Қауесеттің төркіні: Зертханалық сынақ не дейді?

Бұл қауесеттің тарауына 2026 жылдың мамыр айында «Mamavation» атты тәуелсіз зертханалық сайттың жүргізген шағын сынамасы түрткі болған. Олар дүкеннен аталған брендтің құлпынайын  сатып алып, пестицидке тексерген.

«Дүкеннен алынған кәдімгі Driscoll’s құлпынайынан 12 түрлі пестицидтің қалдығы табылды. Ал брендтің органикалық үлгісінен ешқандай химиялық зат анықталған жоқ. Сонымен қатар, бұл қалдықтардың көлемі АҚШ-та белгіленген заңды шектеулерден асқан емес. Бұл бүкіл елдегі өнімге жасалған репрезентативті зерттеу емес, тек бір реттік «нүктелі тексеріс» қана болатын», — деп жазды басылым.

Әлеуметтік желі белсенділері осы 12 пестицид туралы ақпаратты бұрмалап, «жүздеген химиялық зат» деп асыра сілтеген.

 «371 пестицид» деген сан қайдан шықты?

Фейк видеоларда құлпынай тұтынушыға жеткенше 371 түрлі умен өңделеді деген уәж айтылады. Басылымның хабарлауынша, бұл сан мүлдем басқа мәтіннен  жұлып алынған.

«Бұл көрсеткіш Ұлыбритания үкіметінің тағам өнімдерін бақылау есебінен алынған сияқты. Онда мамандардың кейбір азық-түлік тауарларын «371 пестицид түріне тексергені»майтылған. Бұл зертхананың өнімді 371 пестицидтің бар-жоғына сынағанына дәлел, бірақ өнімнің құрамында 371 пестицид бар деген сөз емес», — дейді мамандар.

Фактчекерлер өнімде химиялық заттың мардымсыз қалдығы болуы оны жеген адам бірден қатерлі ісікке шалдығады дегенді білдірмейтінін ескертеді.

Оқу үшін