NoFake

«Білім басқармасынан» қоңырау шалған алаяқтар ұстазды 20 млн теңгеге алдаған

Фото: Freepik

Ақмола облысында интернет-алаяқтардың кезекті құрбаны – Целиноград ауданының ауыл мұғалімі болды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Полиция мәліметінше, белгісіз адамдар бес күн бойы әйелге қоңырау шалып, өздерін білім басқармасы мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері ретінде таныстырған.

«Алаяқтар жәбірленушіні өзіне қатысты заңсыз әрекеттер жасалып жатыр деп сендіріп, «қаражатты қорғау» сылтауымен түрлі нұсқаулар берген. Күйзеліске түскен әйел бұл туралы жақындарына айтпай, депозитіндегі 17 миллион теңгені үшінші тұлғалардың есепшоттарына аударған. Сонымен қатар, алаяқтардың айтуымен 3 миллион теңгеге несие рәсімдеген. Тек бесінші күні ғана өңір тұрғыны полицияға жүгінген. Қазір аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр»,-делінген полиция хабарламасында.

Құқық қорғау органдары азаматтарға қаржылық қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді. Атап айтқанда, мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде хабарласқан адамдарға сенбеу керек – мұндай мекемелер телефон арқылы ақша аударуды немесе несие рәсімдеуді талап етпейді.

• Бейтаныс адамдардың нұсқауымен шұғыл қаржылық операциялар жасамаңыз, тіпті олар ресми тұлға ретінде таныстырса да;
• Міндетті түрде туыстарыңызбен немесе әріптестеріңізбен ақылдасыңыз – алаяқтар әңгімені құпия сақтауды талап етеді;
• Жеке деректерді, SMS-кодтарды және банк картасының мәліметтерін ешкімге бермеңіз.

Оқу үшін