NoFake

Ақмола облысында жол камерасына түскен жұптың романтикалық фотосы – фейк

Фото скрин: Instagram.com/sadbek_sunday

Әлеуметтік желілерде Ақмола облысындағы тасжолда жүргізуші мен жолаушының сүйісіп отырған сәтін жол камерасы түсірді деген фото тарады. Алайда Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі суреттің шынайы емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Желіде тараған суреттің нақты тіркеу камераларына қатысы жоқ. Ол жасанды интеллект көмегімен жасалған», – деп жауап берді ведомства.

Оқиға неден басталды?

Әлеуметтік желілерде тараған суретте көлік жүргізіп келе жатқан ер адамның жанындағы жолаушыға қарай еңкейіп, оны сүйіп отырғаны бейнеленген. Жазба авторлары бұл сәтті жылдамдықты тіркейтін жол камерасы түсіргенін айтқан. Кадрда Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Астана – Щучинск тасжолының 83-шақырымы деген мәлімет көрсетілген. Сондай-ақ фотоның 2025 жылғы 24 желтоқсанда сағат 09:20-да түсірілгені жазылған.

Жарияланым авторлары көлік рұқсат етілген сағатына 60 шақырымның орнына 80 шақырым жылдамдықпен жүргенін және жүргізушіге 43 250 теңге айыппұл салынуы мүмкін екенін мәлімдеген. Осыдан кейін желі қолданушылары кадрды «қымбат фотосессия» деп атап, қызу талқылай бастады. Тіпті фотоның шынайылығына күмән келтірмегендер мұндай романтикалық кадрды қалай қайталауға болатынын талқылаған.

Еске салайық, 2026 жылдың 18 қаңтарынан бастап ЖИ туралы заңның 21 бабына сәйкес елімізде кез келген синтетикалық контентті, яғни ЖИ көмегімен жасалған сурет, видео, мәтінді таңбалау – міндетті талап. Бұл аудиторияны алдап-арбаудан қорғау үшін жасалған амал.  Яғни мұндай материалда «ЖИ көмегімен жасалған» немесе «ЖИ генерациялаған» деген белгі болуы тиіс.

Оқу үшін