Ақмола облысында кәсіпкер өз ақшасына салған алаңды өзі бұзғаны рас па

Фото: pixabay.com
Әлеуметтік желіде Ақмола облысында кәсіпкер өзі салған балалар алаңын өзі қайта бұзып тастаған деген ақпарат тарады. Nofake.kz әкімдіктен аталған жайт бойынша түсініктеме алды.
Мәселе неден басталды?
Ақмола облысындағы ауылдардың бірінде қызық жайт орын алды. Жергілікті кәсіпкер ауылға балалар алаңын салып, артынша оны бұзып тастаған.

Әкімдік не дейді?
Ақмола облысы әкімдігі аталған оқиғаның расымен болғанын және кәсіпкердің бұлай жасауына не себеп болғанын түсіндірді.
«Instagram әлеуметтік желісінде Елток ауылдық округіне қарасты Қойгелді ауылы тұрғынының балалар ойын алаңының бұзылуына қатысты бейнеүндеу жариялады. Иә, расымен Қойгелді ауылындағы балалар ойын алаңы 2023 жылы елді мекенді абаттандыру және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында бюджеттен тыс (демеушілік) қаражат есебінен салынғанын хабарлаймыз. Кейіннен ойын алаңына кезең-кезеңімен жаңа ойын элементтері орнатылды», — делінген хабарламада.
Әкімдік аталған нысан орналасқан жер телімі Аршалы ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде екенін атап өтті.
«Алайда ойын алаңын пайдалану барысында кәмелетке толмаған баланың жарақат алу дерегі тіркелді. Осы оқиғаға байланысты зардап шеккен баланың заңды өкілдері сотқа талап арызбен жүгінді. Сот процесінің аяқталуын және ресми шешімнің шығуын күтпестен, нысанды салған тұлға (демеуші) өз бастамасымен әрі ерікті түрде ойын алаңының құрылымдарын бөлшектеу жұмыстарын бастады», — делінген әкімдік хабарламасында.
Облыс әкімдігі аталған шешім тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осындай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу мақсатында қабылданғанын жеткізді. Кейін, яғни, 2026 жылғы 10 шілдеде соттың өзі де аталған ойын алаңын бұзу туралы шешім шығарған.
Түйін
Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, Қойгелді ауылындағы балалар ойын алаңы сот шешіміне дейін демеушінің өз бастамасымен расымен бұзылған. Бұған ойын алаңында баланың жарақат алып, іс бойынша сотқа талап арыздың берілуі себеп болған. Кейін, 2026 жылғы 10 шілдеде сот та аталған нысанды бұзу туралы шешім шығарған. Яғни, аталған расымен болған және оған қатысты сот шешімі де шыққан.


