Алматыда жүргізушілерді жасырын бақылау басталды

Фото: Gov.kz
Алматыда полиция қызметкерлері азаматтық киімде, арнайы белгілері жоқ автокөліктермен жалпы көлік ағынында қозғалып құқық бұзушылықтарды тіркейді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Жаңа тәсіл ең алдымен агрессивті жүргізу фактілерін анықтауға бағытталған. Атап айтқанда, күрт жолақ ауыстыру, “шахмат” тәсілімен жүру, өзге көліктерді қысып өту және апаттық жағдай туындату секілді қауіпті әрекеттер бақылауға алынған.
«Жасырын патрульдеу – көзге бірден түсе бермейтін өрескел құқық бұзушылықтарды анықтаудың тиімді құралы. Полиция қызметкерлері жалпы көлік ағынында жүріп, жүргізушілердің нақты мінез-құлқын бақылайды», – деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинур Тасыбаев.
Жасырын патрульдер тіркелген деректерді нақты уақыт режимінде жақын маңдағы полиция экипаждарына жібереді. Кейін олар көлікті тоқтатып, жүргізушіні заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартады. Полицияның мәліметінше, бұл тәжірибе алғашқы нәтижесін көрсетіп үлгерген. Тек өткен демалыс күндерінің өзінде қалада агрессивті жүргізудің 28 дерегі анықталған.
«Әсіресе агрессивті жүргізу – “шахмат” тәсілімен жүру, күрт маневр жасау және өзге де қауіпті әрекеттер басты назарда. Мұндай фактілер жедел түрде жақын маңдағы экипаждарға жеткізіліп, тиісті шаралар қабылданады», – делінген ресми хабарламада.
Бұл шара жүргізушілердің тәртібін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.


