Алимент алушы мемлекетке есеп береді — фейк

Фото: Depositphotos
Әлеуметтік желі мен кейбір БАҚ-та «алимент алушы қаражатты қайда жұмсағаны туралы мемлекетке есеп беруге міндеттелуі мүмкін» деген ақпарат тарады. Бұл бала құқығын қорғау үшін енгізілген талап екен. Шынымен де солай ма?

Бұл жаңалықты желі қолданушылары қызу талқылады. Бірі есеп талап ету алимент төлеушінің заңды құқығы десе, енді біреулер жалпы шығыннан балаға қанша қаржы жұмсалғанын анықтау қиын болатынын алға тартады.

NoFake.kz редакциясы бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын анықтау үшін ҚР Әділет министрлігіне хабарласып, ресми өкіл Талғат Уәлиден сұрады.
https://www.instagram.com/reel/DZ-GkABMWs8/?igsh=bmN5cjk5Nmtiajg1Алимент алушыдан ешкім есеп сұрамайды
ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, министрлік тарапынан мұндай талап та, заңнамалық өзгеріс те қарастырылып жатқан жоқ.
«Жоқ, бұл дұрыс ақпарат емес. Әділет министрлігі мен жеке сот орындаушылары тек алимент төлеушінің қаражатты толық көлемде аударуын қадағалайды. Ал ақша алимент алушының қолына тигеннен кейін, оның қандай мақсатқа жұмсалатынын мемлекеттік органдар бақыламайды», – деді ведомствоның ресми өкілі.
Заң жобасына қандай өзгеріс енгізілді
Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында басқа мәселе қамтылған. Құжат алимент алушыларды тексеруге емес, керісінше, балаға тиесілі ақшаны қорғауға бағытталған.
Бұғатталмайтын арнайы алименттік шот: Қазір алимент алатын ананың (немесе әкенің) екінші деңгейлі банктер немесе мемлекеттік мекемелер алдында қандай да бір берешегі (несие, салық және т.б.) болса, оның жеке шоттары бұғатталады. Алимент ақшасы да бұғатталып, кәмелетке толмаған бала тиісті көмексіз қалатын жағдайлар жиі кездеседі.
Осы олқылықты жою үшін Әділет министрлігі мен Парламент депутаттары арнайы алименттік шот ашу жүйесін әзірледі. Шот ашылғаннан кейін тіркеледі. Оған мемлекеттік орган да, екінші деңгейлі банктер де шектеу немесе бұғат қоя алмайды. Алимент төлеуші ақшаны тек осы шотқа аударады және ол қаражат баланың қажеттіліктеріне ғана жұмсалады.
Ал алимент алушылардан есеп талап етілмейді.


