ҰБТ балын өзгертіп береміз: алаяқтардың жаңа қулығы

Фото: ortcom.kz
Желіде ҰБТ сертификатын түзетіп береміз, микроқұлаққап сатамыз деген жарнама жиіледі. ҰТО мұндай әрекетке барғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті, деп хабарлайды NoFake.kz
Желіде алаяқтар фотошоп немесе арнайы бағдарлама арқылы ҰБТ балын өзгертіп береміз деген ұсыныс жасауы мүмкін. Елімізде қазір құжаттың барлығы электронды түрде тіркелетінін ескерсек, алаяққа сеніп, ақша, уақыт жоғалтудық қажеті жоқ.
«ҰБТ сертификатын қолдан жасау мүмкін емес екенін ескеру маңызды. Әрбір сертификатта оның түпнұсқалығын бірден тексеруге мүмкіндік беретін бірегей QR коды бар. Сондай-ақ, ҰБТ сертификаты ресми құжат болып табылады және оны қолдан жасау ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады», — деп ескертті ҰТО мамандары.
ЖОО-ның қабылдау комиссиясы құжаттағы QR-кодты сканерлеген сәтте базадағы шынайы нәтиже бірден көрінеді. Ал заң бұзушылық анықталған жағдайда, іс материалдары бірден құқық қорғау органдарына жолданады.
Шпиондық гаджеттер: Жай ғана жоғары балл алуға әрекет емес, қылмыстық іс
Көптеген талапкер микроқұлаққап немесе жасырын камерамен ұсталса, тек «ҰБТ нәтижесі жойылады» деп ойлайды. Бірақ заңнама бұдан да қатал:
- Тыйым салынған микроқұлаққаптарды, жасырын камераларды және өзге де арнайы техникалықұралдарды пайдалану (және оларды заңсыз айналымға енгізу) ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке себеп болуы мүмкін.
Түпнұсқа сертификатты қайдан көруге болады?
Егер сізге үшінші тұлға сертификатты PDF форматында жіберіп, күмән тудырса, оның шынайылығын тек мына ресми және заңды көздер арқылы тексеру керек:
- app.testcenter.kz сайтындағы талапкердің жеке кабинеті;
- certificate.testcenter.kz ресми мемлекеттік порталы;
- eGov.kz электрондық үкімет порталы.


