Алаяқтар қызметкерлеріміздің атын жамылып жүр: Қаржы нарығын реттеу агенттігі ескертеді

www.gov.kz
Қазақстанда алаяқтар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қызметкерлерінің аты-жөнін пайдаланып, азаматтардың ақшасын иемденуге тырысып жатыр. Ведомство мұндай әрекеттерге қатысы жоқ екенін мәлімдеп, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Агенттіктің мәліметінше, алаяқтар өздерін мемлекеттік органның қызметкерлері ретінде таныстырады немесе нақты мамандардың аты-жөні мен лауазымын пайдаланады. Осылайша азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі қаржылық операциялар жүргізуді немесе ақша аударуды ұсынады.
Ведомство мұндай ұсыныстардың заңсыз екенін ескертті.
«Агенттікте қаржылық операцияларды жүргізуге, ақшалай қаражатты қайтаруға немесе өтемақы алуға арналған ресми Telegram-боттар жоқ. Агенттік қызметкерлері азаматтардың ақшалай қаражатын тартпайды, инвестициялық өнімдерді ұсынбайды және комиссияларды, инкассация алымдарын немесе өзге де алдын ала төлемдерді төлеуді талап етпейді», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ алаяқтар азаматтарды қылмыстық іс қозғалғанын айтып қорқытуы немесе тергеуді тоқтатуға көмектесетінін мәлімдеуі мүмкін.
Агенттік мұндай мәселелердің өз құзыретіне кірмейтінін түсіндірді. Ведомство қылмыстық істерді тергемейді, қылмыстық қудалауды тоқтату немесе істерді реттеу қызметін көрсетпейді.
Алаяқтардан қалай сақтануға болады?
Агенттік азаматтарға өзін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырған адамдарға ақша аудармауға, қаражатты қайтару немесе бұғаттан шығару үшін комиссия төлемеуге кеңес береді.
Сондай-ақ ресми деп көрсетілген Telegram-боттар мен белгісіз аккаунттарға сенбеу, банк деректемелерін, құпиясөздер мен SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге бермеу қажет.
«Белгілі бір ақыға ақшалай қаражатты қайтаруға, қылмыстық қудалауды тоқтатуға, қылмыстық істерді реттеуге немесе Агенттік атынан қаржылық операцияларды жүргізуге жәрдемдесудің кез келген ұсынысы ықтимал алаяқтықтың белгілері болып табылады», – деп ескертті ведомство.
Күдікті қоңыраулар мен хабарламалар түскен жағдайда ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріп, алаяқтық белгілері байқалса, құқық қорғау органдарына хабарлау ұсынылады.


