«Сәлемдемеңіз келді»: Ұлттық Банк алаяқтардың жаңа схемасы туралы ескертті

Фото: Depositphotos
Қазақстанда телефон алаяқтары жаңа әдіске көшкен. Енді олар азаматтарға курьер немесе пошта қызметінің өкілі ретінде қоңырау шалып, сәлемдемені жеткізу үшін SMS-кодты айтуды сұрайды. Қазақстан Ұлттық Банкі жаңа алаяқтық схема туралы ескертті.
Алаяқтар алдымен азаматқа сәлемдеме келгенін айтып, оны жеткізуді растау қажет деген сылтаумен телефонға түскен SMS-кодты сұрайды. Бұл кезде адамға хабарламаның мазмұнын мұқият оқуға мүмкіндік бермеу үшін әдейі асықтырады.
Мәселен, курьер күтіп тұрғанын, тез жауап бермесе жеткізу кезегінен айырылатынын немесе қоңырау үзілсе, жеткізуді қайта рәсімдеу қажет болатынын айтуы мүмкін.
SMS-кодты қолға түсіргеннен кейін алаяқтық схеманың екінші кезеңі басталады. Азаматқа басқа адам хабарласып, өзін цифрлық үкіметтің (eGov) өкілі ретінде таныстырады. Ол есептік жазба бұзылғанын және жеке деректерге қауіп төніп тұрғанын айтып қорқытады.
«Сенімге кіру үшін азаматтың өзін қорғау мақсатында «Стоп-кредит» қызметі қосылғанын, ал жағдайдың өзі құқық қорғау органдарының немесе «Ұлттық Банктің қауіпсіздік қызметінің» бақылауында екенін мәлімдеуі мүмкін. Әрі қарай қоңырау желісі алаяқтық схемаға қатысатын басқа адамға да жалғанатын кездер болады. Мұндай қитұрқы әрекеттердің түпкі мақсаты – қалай да азаматтың ақшасына иелік ету», – деп хабарлады Қазақстан Ұлттық Банкі.
Алаяқтар мұнымен шектелмей, адамға психологиялық қысым көрсетуі мүмкін. Олар әңгіменің «құпия» екенін айтып, телефонды үзбеуді және болған жағдай туралы жақындарына айтпауды талап етеді. Кей жағдайда ақпаратты басқа біреуге жеткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік бар деп те қорқытады.
Ұлттық Банктің мәліметінше, мұндай әрекеттің мақсаты – адамның банкке, полицияға немесе жақындарына хабарласып, жағдайды тексеруіне мүмкіндік бермеу.
«Ұлттық Банк телефонға келген SMS-хабарламаны мұқият оқуға, жіберуші тарапты тексеруге және SMS-кодты ешкімге айтпауға кеңес береді. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені үзіп, тиісті ұйымның ресми телефон нөміріне азаматтың өзі хабарласқаны дұрыс», – деп ескертті Ұлттық Банк.
Сондай-ақ Ұлттық Банк қызметкерлері азаматтарға аудио немесе видеоқоңырау шалмайтынын еске салды. Олар жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейді, банк картасының паролі мен деректемелерін сұрамайды, ақша сақтандыруды ұсынбайды және халықпен ақшалай есеп айырыспайды.
Алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда құқық қорғау органдарына арыздану қажет. Қосымша кеңесті Ұлттық Банктің Байланыс орталығынан 1477 қысқа нөмірі арқылы алуға болады.


