74 жастағы қазақ әжесінің парашютпен секірген видеосы – дипфейк емес

Фото: Instagram/dauletten
Әлеуметтік желіде 74 жастағы қазақ әжейдің парашютпен биікте қалқып жүрген видеосы тарады. Көпшілік видеоның ЖИ арқылы жасалғанын жарыса жазған. Nofake.kz видеоны зерттеп көрді.
Әлеуметтік желіде тараған видеоода:
«ЖИ-мен жасалған видео сияқты ма? Толық қарап шықсаңыздар, олай емес екеніне көздеріңіз жетеді. Әже 74 жаста. Бірақ жас деген тек паспорттағы сан деп тұр ғой. Осылай әдемі қартайғанға не жетсін!», — деп жазылған.
Көпшілік егде жастағы әжейдің парашютпен секіргеніне расымен сенбеген.

Алайда, Nofake.kz видеоның ЖИ арқылы жасалмағанына көз жеткізді. Сөйтіп, ондағы әжейдің өзі мен немересін хабарласып, тілге тартты.
«Иә, әжем Иманғалиқызы шынымен Түркияның Фетхие қаласында «Бабадаг» деген таудан парашютпен секіріп көрді. Әжем, мен, анам үшеуміз келдік»,- деді немересі.
Кейін әңгімеге әженің өзі де қосылды. Ол осымен бірнеше рет шетелге шыққанын, алайда парашютпен бірінші рет ұшқанын растады.
«Ешқандай қорқыныш болмады, керісінше балалық арманымды орындағаныма қатты қуандым. Үлкен кісі болсам да денсаулығымды күтіп, ішкі ағзаларымды жылда тазартып отырамын. Парашюттен 1400 м биіктіктен ұштық. Өте керемет сезім, жастарға да бала армандарыңыздан ешқашан бас тартпаңыздар дер едім. Оны орындауға ұмтылып, талпыныңыздар деп айтқым келеді», — деді 74 жастағы әже.
Ұлытау облысының тумасы — Рзакүл Жәнібекова төрт перзентінен бүгінде 24 немере мен 13 шөберенің әжесі.
Сонымен, әлеуметтік желіде тараған 74 жастағы Рзакүл Жәнібекованың парашютпен ұшқан видеосы жасанды интеллект көмегімен жасалған дипфейк емес. Nofake.kz кейіпкердің өзімен және туыстарымен тілдесіп, видеоның Түркиядағы Фетхие қаласында түсірілгенін растады. Демек, көпшіліктің күмәнін тудырған бұл видео – шынайы оқиға, ал 74 жастағы әженің батылдығы көпшілікке үлгі боларлық жағдай.


