NoFake

«Мүлікті декларациялау» схемасы: Көкшетаулық алаяқтарға алтын бұйымдарын өзі апарып берген

Фото: Depositphotos

Көкшетау қаласының 21 жастағы тұрғыны алаяқтардың құрығына түсіп, отбасына тиесілі 6 миллион теңгеден астам соманың алтын бұйымдарын белгісіз жандарға өз қолымен беріп жіберген, деп хабарлайды NoFake.kz.

Тергеу мәліметтері бойынша, қылмыстық схема бірнеше күнге созылған:

1. 29 мамыр:  Жәбірленушіге өздерін байланыс операторы ретінде таныстырған белгісіз тұлғалар хабарласып, «SIM-картаны ауыстыру» сылтауымен SMS-кодты біліп алған. Көп ұзамай «eGov порталының қызметкерімін» деген әйел хабарласып, оның атынан алаяқтық әрекеттер жасалып жатқанын айтқан және «мүлікті декларациялау» үшін үйіндегі барлық бағалы заттар мен алтындарды суретке түсіріп жіберуді талап еткен.

2. 30 мамыр: Іске жалған құқық қорғау органының қызметкері араласқан. Ол жігітке «отбасыңыздың банк шоттары арқылы тыйым салынған ұйымдар қаржыландырылып жатыр» деп айып тағып, психологиялық қысым көрсеткен. Алаяқ егер айтқанын орындамаса, отбасы мүшелерінің барлығы 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын айтып қорқытқан.

Үрейге бой алдырған ол анасының жалпы құны 6 120 000 теңге болатын 18 дана алтын бұйымдарын пакетке салып, алаяқтар нұсқаған үй маңындағы жасырын жерге тығып кеткен. Тіпті дәлел ретінде оларға алтындарды қайда қалдырғаны туралы видео түсіріп жіберген.

Бұл қылмыстың беті тек 31 мамырда, жігіттің анасы үйінен алтындарының жоғалғанын байқап, полицияға ұрлық туралы арыз түсіргенде ғана ашылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Мемлекеттік органдардың, банктердің, құқық қорғау құрылымдарының және байланыс операторларының қызметкерлері ешқашан телефон арқылы SMS-кодтарды хабарлауды, мүліктің фотосуреттерін жіберуді немесе қандай да бір тексерулер жүргізу үшін ақша мен құндылықтарды беруді талап етпейді», -деп ескертеді полиция мамандары.

Мамандар күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда сөйлесуді дереу тоқтатып, полицияға хабарласу қажет екендігін тағы бір мәрте еске салды.

Оқу үшін