NoFake

Трамп: әрбір америкалыққа 2000 доллар дивиденд төленеді — рас па

Фото: depositphotos.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде жариялаған мәлімдемесінде байлардан басқа барлық америкалыққа 2000 доллар көлемінде «дивиденд» төленетінін айтты. Ол бұл қаражат елдің тарифтерден түсетін табысы есебінен бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/ Snopes сайтына сілтеме жасап.

Snopes оқырмандары өздеріне жақын арада чек түрінде төлем түсетін-түспейтінін сұраған. Олардың арасында мемлекеттік қаражатты биыл қарашада аламыз деген мәлімдемелер де бар. Оқырмандар бөліскен скриншоттарға сәйкес, Трамп былай деген:

«Тарифтерге қарсы адамдар — ақымақ! Қазір біз әлемдегі ең бай, ең құрметті елміз. Инфляция жоқтың қасы, ал қор нарығындағы көрсеткіштер рекордтық деңгейде. 401(k) көрсеткіші — тарихтағы ең жоғары деңгейде. Біз триллиондап табыс табудамыз және жақында 37 триллион долларлық үлкен қарызымызды өтей бастаймыз. АҚШ-та рекордтық инвестициялар, зауыттар мен фабрикалар әлемнің түкпір-түкпірінде салынып жатыр. Жоғары табысы барларды қоспағанда, әр адамға кемінде 2000 доллар көлемінде дивиденд төленеді».

Алайда Ақ үй бұл жоспардың егжей-тегжейін әлі нақтыламады. Қаржы министрі Скотт Бессент Трамппен бұл тақырыпта сөйлеспегенін, бірақ төлемдер «әртүрлі формада – мысалы, салық жеңілдіктері түрінде» жүзеге асуы мүмкін екенін айтты.

Сарапшылардың есебінше, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 38 триллион долларға жетсе, 2025 жылы кедендік тарифтерден түскен табыс 195 миллиард доллар болған. Сондықтан экономистер тарифтер мұндай көлемдегі төлемдерді қамтамасыз ете алмайды деп санайды.

Сонымен қатар Трамптың тариф саясаты сотта қаралуда: Халықаралық сауда соты мен Апелляциялық сот оның бұл бағыттағы өкілеттігін шектеген, ал мәселе қазір Жоғарғы соттың қарауында. Сондықтан Трамп уәде еткен төлемнің нақты жүзеге асатыны әзірге белгісіз.

Оқу үшін