Полиция Ақтау мектептеріндегі теракт туралы қауесетті жоққа шығарды

Фото: Gov.kz
Маңғыстау облыстық полиция департаменті мессенджерлерде тараған «Ақтаудағы мектептерде теракт болады және №1 мектепте кепілге алынған адам бар» деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды nofake.kz/.

«Құрметті тұрғындар! Мессенджерлерде мектептерде террористік актілерге дайындық жүріп жатыр деген жалған ақпарат тарады. Осы секілді расталмаған хабарламаларға сенбеулеріңізді және оларды таратпауларыңызды сұраймыз», — делінген Маңғыстау облысы Полиция департаментінің ресми хабарламасында.
Сонымен қатар полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, теракт туралы жалған хабарлама таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Ақтау қаласы әкімдігі де бұл ақпараттың жалған екенін растады. Мұндай жалған хабарламалар қоғам арасында дүрбелең туғызып, құқық қорғау және төтенше жағдай қызметтерінің жұмысын қиындатады. Сондықтан тұрғындардан тек ресми ақпарат көздеріне сеніп, расталмаған мәліметті таратпау сұралады.


