NoFake

Микроқаржы ұйымдарынан алған заңсыз кредиттер кешіріледі деген ақпарат – жалған

Depositphotos

Интернетте қазақстандықтар «заңсыз микроқаржылық ұйымдардан алған несиелерін төлемеуге болады» деген ақпарат тарады. NoFake kz бұл мәлімдемені тексеру үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне ресми сұрау жолдады.

ҚМА мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

«Автоматты түрде кешірім жоқ. Келісім жарамсыз деп танылуы үшін міндетті түрде сот шешімі болуы тиіс. Заңсыз МҚҰ қызметі дәлелденсе ғана қарызды өндіру тоқтатылады. Азаматтар құқықтарын қорғау үшін сотқа және құқық қорғау органдарына жүгінуі қажет Заңсыз қаржылық қызмет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», — делінген ресми жауапта.

Заң не дейді

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі заң бұзыла жасалған келісімді сот жарамсыз деп танитынын көрсетеді. Микроқаржылық қызмет туралы заң бойынша МҚҰ ретінде тіркелмеген тұлғалар микрокредит бере алмайды. Ондай ұйыммен жасалған келісім заңдық күшке ие болмайды бірақ оны жарамсыз деп тану үшін сот шешімі қажет. Яғни, заңсыз МҚҰ берген қарыздар автоматты түрде жойылады деген ақпарат — жалған. Қарыздан босату тек сот шешімі немесе қылмыстық іс аясында ғана мүмкін. Автоматты кешірім жоқ.

Егер күмәнді ұйымнан қарыз алсаңыз құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Сотқа талап арыз беріңіз. Құжаттарыңызды жинаңыз және дәлелдер ұсыныңыз. Тек заңды тәртіппен ғана қарыздан босатылуға болады.

Оқу үшін