«ЖИ 1 млн қазақстандықты жұмыссыз қалдырады» деген ақпаратты министрлік жоққа шығарды

Әлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның технологиялардың еңбек нарығына әсері туралы айтқан сөзі бұрмаланып берілді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Кей басылымдардың тақырыптарында «ЖИ салдарынан 1 миллион қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін» деген мәлімдеме пайда болды.

Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды және айтылған сөздердің мәнін бұрмалайды.
«Вице-министр өз сөзінде әлемдегі бүкіл мемлекеттерге қатысы бар еңбек нарығының автоматтандырылуы туралы сөз сөйледі. Оның айтуынша, Қазақстанда өзге елдердегідей бірқатар мамандық технология ықпалымен өзгеруі мүмкін, бұл – жойылады деген сөз емес»,-делінген ресми хабарламада.
Баяндаманың негізгі мазмұны мынадай: Еңбек министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, еңбек нарығында сұранысқа ие және өзгеріске ұшырап жатқан мамандықтардың болжамын жүргізіп жатыр;
Азаматтарды қайта даярлау және цифрлық дағдыларын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде; Жасанды интеллект саласының дамуы — бағдарламалау, деректерді талдау, инженерия, дизайн және басқа салаларда жаңа мамандықтардың пайда болуына әкеледі, демек жаңа мүмкіндіктер пайда болады;
Осылайша, мәселе жұмыс орындарының қысқаруы туралы емес, еңбек нарығын жаңа технологияларға бейімдеу және азаматтарды болашақтың мамандықтарына даярлау қажеттілігі туралы болды. Айта кету керек, ЖИ адамдарға тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді, демек жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі.


