Иранда әйелдерге хиджабсыз жүруге рұқсат етілді – жалған

Қытайда әлеуметтік желілерде жалған жазбалар тарады. Онда Иран үкіметінің кеңесшісі Мохаммад-Реза Бахонар 2025 жылдың қазанында «хиджаб киюге міндеттейтін заң жоқ» деп айтқан делінген. Бірақ кейін ол өз сөзінен бас тартып, әйелдер орамал тағуға міндетті екенін растаған деп хабарлайды AFP.
Жалған хабардың мазмұны
Weibo-дағы 2025 жылғы 9 қазанда жарияланған жазбада:
«Иран әйелдерге арналған міндетті хиджаб ережесін жойды. Хиджаб туралы заңның енді күші жоқ», — деп жазылған.
Жазбаға қоса қытай тілінде видео жарияланған.
«Жуырда ирандық БАҚ Кеңестің мүшесі Мохаммад-Реза Бахонар «Хиджаб енді міндетті емес. Әдеп полициясы бұл ережені бұзған әйелдерді жазалай алмайды», — делінген видеода.
Видеода хиджабпен және хиджабсыз жүрген әйелдер бар. Бір әйел бас орамалын шешіп: «Ираннан кеткеннен кейінгі алғашқы сезім – еркіндік!» дейді.

AFP растаған жалған посттың скрині
1979 жылғы Ислам революциясынан бері Иранда әйелдерге шашын жабу заңмен міндеттелген. Бірақ соңғы жылдары, әсіресе Тегеранда және өзге де ірі қалаларда әйелдер орамалды жартылай тағып, шашын көрсетіп жүр. 2023 жылдың қыркүйегінде парламент хиджаб кимеген әйелдерге қатаң жаза қарастыратын заң жобасын қабылдаған. Алайда ол үкіметтің түпкілікті бекітуіне жіберілмей, кейінге қалдырылған. Хиджаб заңының жойылғаны туралы жалған мәлімдеме Douyin, TikTok, Facebook және Instagram желілерінде де таратылған.
Заң әлі күшінде
Адам құқықтарын қорғау ұйымындағылардың айтуынша, заң әлі де күшін жойған жоқ.
«Хиджаб киюге міндеттейтін заң күшін жойған жоқ. Оны орындау деңгейі аздап өзгерді, бірақ ол әр аймақ пен қалаларда әртүрлі» — дейді Ирандағы Адам құқықтары орталығының байланыс директоры Бахар Гандехари AFP агенттігіне 11 қазанда жіберген электрондық хатында.
2025 жылғы 20 мамырда Канаданың CBC арнасы хабарлағандай, кей әйелдер хиджабсыз жүруге тырысып жүр. Бірақ билік кез келген уақытта қайтадан бақылауды күшейтуі мүмкін. Сондай-ақ, 2025 жылғы 15 қазандағы Адам құқықтары орталығының есебінде биліктің енді әйелдерді тікелей ұстаудан гөрі электрондық бақылау, айыппұл және мекемелерді жабу тәсілдерін қолданатыны айтылған.
«Кейде «әдеп полициясы» араласады, бірақ бүгінде негізгі бақылау электронды жүйе арқылы жүргізіледі», — делінген есепте.
Жалған ақпараттың шығу тегі
AFP мәліметінше, жалған жазбалар 2025 жылғы 4 қазандағы Khabar Online агенттігінің хабарламасынан шыққан. Онда Кеңес мүшесі Бахонар «қазір хижабқа қатысты міндетті заң жоқ» деген.
Алайда 11 қазанда ол IRIB Ofogh телеарнасына берген сұхбатында бұл сөзін жоққа шығарып, «хиджаб тағу міндетті» деді.
Сол күні Кеңес өкілі Мохсен Дехнави X (Twitter) желісінде Бахонардың мәлімдемесі оның жеке пікірі екенін, ал ресми ұстаным тек Кеңес төрағасы немесе ресми өкіл арқылы жарияланатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, жалған посттарда 2024 жылғы 7 тамызда Douyin платформасында жарияланған басқа видеоны да заңсыз пайдаланған. Онда ирандық блогер Оманға келген сәтінде хиджабын шешіп жатқанын көрсетеді. Ал Оманда әйелдерге шашын жабу міндетті емес.
«Иран міндетті хиджаб ережесін жойды» деген ақпарат – жалған.
Заң әлі күшінде, бірақ оны қолдану деңгейі мен бақылау тәсілдері өзгерген.


