NoFake

ІІМ миллиондаған алаяқтық қоңырау мен фейк сайттарды бұғаттады

Фото: nofake.kz/

Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Саденов Үкімет сағатында сөйлеген сөзінде киберқылмысқа қарсы күрес күштік ведомствоның басты назарында екенін айтты, деп хабарлайды nofake.kz/.

Министрдің айтуынша, цифрлық технологиялар дамыған сайын интернет-алаяқтық үлесі елдегі барлық қылмыстың 26 пайызына жеткен. Киберқылмыстың өсу себептерінің негізгісі – азаматтардың сенгіштігі мен қаржылық сауаттылықтың төмендігі. Осыған байланысты мемлекет киберқауіптерге қарсы шараларды күшейтті.

«Біз өзге құқық қорғау органдарымен, байланыс операторларымен және банктермен бірлесіп жұмыс бастадық. Қылмыстарды ашу деңгейі өсіп келеді», – деді Ержан Саденов.

Оның айтуынша, Антифрод орталығының жұмысы аясында 67 миллион алаяқтық қоңырау мен 4 500 жалған сайт бұғатталған. Сондай-ақ қылмыстық істерге байланысты банктік шоттардан 2,7 миллиард теңге бұғатталған.

Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарының күшімен алты ұйымдасқан қылмыстық топ, соның ішінде бір трансұлттық топ жойылған. 80 sim-бокс пен 100 мың тіркелмеген нөмір тәркіленді. Қазақстан азаматтарын нысанаға алған 12 алаяқтық колл-орталықтың қызметі тоқтатылды, оның жетеуі шетелде жұмыс істеген. Қазақстан бастамасымен Интерпол аясында 40 елдің құқық қорғаушылары қатысқан халықаралық операция басталды.

«Біз белсенді жұмыс істеп жатырмыз, нәтижелері туралы хабарлаймыз», – деді министр.

Сонымен қатар, алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінген: 60 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында 17 мың материал жарияланған.

Оқу үшін