NoFake

Қазақстанда үш ай жұмыссыз жүргендер бақылауға алынбайды

Коллаж: nofake.kz/

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «Қазақстанда үш ай жұмыссыз жүрген азаматтарға бақылау жүргізіледі» деген ақпарат тарады. Бұл мәлімет 2025 жылдың 29 қыркүйегіндегі №807 Үкімет қаулысындағы өзгерістер мен толықтыруларға қатысты түсінбеушіліктен туындаған, деп хабарлайды nofake.kz/.

Редакция түрлі жорамалға түрткі болған осы қаулының мәнін анықтау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен МӘМС қорына хабарласты.

«Жұмыссыз жүргендерді бақылауға қатысты қаулыны дұрыс түсінбей жатқан болсаңыздар, қажетті ақпаратты ресми сайттан толық оқуға болады», – деді МӘМС қорының баспасөз қызметі.

Скриндер әлеуметтік желіден

Ресми құжатпен танысып шықтық. Үкімет қаулысы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірнеше жыл жұмыс істеп, кейін жұмыссыз ретінде тіркелген қазақстандықтарға қатысты екені анықталды.

Қаулының мақсаты – жұмыссыз қалған азаматтарға жергілікті әкімдіктер тарапынан ай сайынғы МӘМС жарна төлемін қамтамасыз ету, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған азаматтардың медициналық сақтандыру төлемдерін үздіксіз жүргізуді автоматтандыру.

МӘМС қорының мәліметінше, жаңа нормалар медициналық көмекті үздіксіз алу мүмкіндігін кеңейтеді.

«Енді азаматтар кемінде бес жыл қатарынан қорға міндетті жарна төлеген болса, кейін уақытша төлем тоқтаған жағдайда да алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады», – делінген қор хабарламасында.

Бұрын бұл мерзім үш аймен шектелетін. Алайда жеңілдік уақытша ғана: кейін азаматтар сол тоқтаған айлардағы берешекті өтеуі қажет болады. Сондай-ақ медициналық сақтандыру жүйесінде қалу үшін жұмыссыз азаматтар Еңбек министрлігінің ақпараттық базасында ресми жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс.

Құжатқа сәйкес, 2026 жылдан бастап дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын шамамен 1 миллион азаматтың МӘМС жарна төлемі автоматтандырылады.

Қорытынды

Желіде тараған «жұмыссыз жүргендер мемлекеттік бақылауға алынады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Үкімет қаулысы ешқандай мониторинг, не қадағалау жүйесін енгізуді көздемейді. Құжаттың негізгі мақсаты — жұмыссыз қалған азаматтарға медициналық сақтандыру төлемдерін үздіксіз жүргізуді қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдауды автоматтандыру.
Яғни, бұл өзгеріс — қосымша бақылау емес, керісінше қорғау мен жеңілдік шарасы. Еске салайық, Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген.

Оқу үшін