ҚР ІІМ қазақстандықтардың жеке куәлігіндегі өзгерістерді түсіндірді

Фото: nofake.kz/
Әлеуметтік желілерде жаңа үлгідегі жеке куәлік қызу талқыланып жатыр. Жұрт жаңа құжатта туған облыс, қала немесе аудан көрсетілмейтінін байқап, оны техникалық қателік деп болжаған. Алайда ҚР Ішкі істер министрлігі бұл — 2025 жылғы 4 наурыздан бастап енгізілген ресми жаңашылдық екенін мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/
Ведомствоның мәліметінше, бұл шешім құжаттандыру процесін жетілдіру және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында қабылданған.

«Мұндай тәсіл елдегі әкімшілік-аумақтар өзгерген жағдайда туындайтын түсініспеушіліктің алдын алуға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді ҚР ІІМ.
Сондай-ақ министрлік бұл өзгеріс мемлекеттік органдардың жұмысына ешқандай кедергі келтірмейтінін атап өтті. Толық ақпарат — туған облыс, аудан мен елді мекен туралы деректер — бұрынғыдай ҚР халқын құжаттандырудың ақпараттық жүйесінде сақталады және интеграцияланған деректер базасы арқылы қолжетімді.
Ведомство азаматтарға еске салды: жеке куәлік – жеке бас пен азаматтықты растауға арналған құжат. Ал туған жер туралы толық мәлімет туу туралы куәлікте көрсетіледі және қажет болған жағдайда сол құжатты пайдалануға болады. Сонымен қатар, азаматтар жаңа үлгідегі куәліктің соңғы санына ерекше назар аударып, ол жеке деректері бірдей адам санын білдіреді деп болжаған.
ҚР ІІМ бұл ақпаратты жоққа шығарды: «Құжаттың төменгі жағындағы (таңбалар мен бағыт таңбасы тұратын жолда) соңғы сан — автоматты оқу құрылғыларына арналған бақылау саны. Бұл санның адамға қатысы жоқ», — деп түсіндірді ведомство.


