ҚҚС және баға: депутат қоғамдағы күмәнді сұрақтарға жауап берді

Коллаж: nofake.kz/
Қоғамда қосымша құн салығына (ҚҚС) қатысты түрлі түсініспеушіліктер мен мифтер тарап жүр. Бірі жаңа мөлшерлеме тауар бағасын күрт өсіреді десе, енді бірі бұл өзгеріс шағын және орта бизнеске ауыр салмақ түсіреді деп алаңдайды.
Осыған орай nofake.kz/ жаңа Салық кодексі бойынша Мәжілістегі жұмыс тобының мүшесі болған Еркін Әбілмен сөйлесіп, ҚҚС төңірегіндегі негізгі қате түсініктер мен нақты жауаптарды анықтады.
– ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі кәсіпкерлерге қалай әсер етеді?
– Бұл негізінен тұтынушыға әсер ететін салық. Кәсіпкерлер формалды түрде төлеуші болғанымен, олар ҚҚС-ты тікелей төлемейді. Салық тауардың соңғы бағасына енгізіледі, яғни оны ақырғы тұтынушы төлейді. Мысалы, B2B секторында сатушылар салықты толығымен шегерімге (вычет) алады. Ал соңғы тұтынушыға тауарды сатқан кәсіпкер осы соманы өнімнің құнына қосады. Сондықтан ҚҚС кәсіпкерлерге емес, тұтынушыларға салынатын салық.
– ҚҚС 12 пайыздан 16 пайызға өскен соң, тауар бағасы да дәл сонша пайызға қымбаттай ма?
– Кейбір азаматтар ҚҚС-тың 12 пайыздан 16 пайызға өсуіне орай тауар бағасы 16 пайызға өседі деп түсініп жатыр. Бұл қате түсінік. Себебі ҚҚС тек 4 пайызға өсіп жатыр. Мысалы, ұн өндіруші ұнды 16 пайызбен сатады, ал наубайханашы сол ұнды сатып алып, нан пісіріп сатқанда, тек ұн құнына қатысты ҚҚС төлейді. Өнімнің құрамындағы басқа бөліктер – жалақы, қызмет, логистика бұл салыққа кірмейді. Сондықтан баға бірден 4 пайызға емес, әлдеқайда аз мөлшерде көтеріледі.
– Жаңа мөлшерлеме барлық кәсіпкерлерге бірдей қолданыла ма, әлде жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Барлығына бірдей емес. Бұрынғы «жеңілдетілген салық режимі» сақталады. Яғни тұтынушымен тікелей жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілері, әсіресе бөлшек сауда саласындағылар, бұрынғыдай арнайы салық режимінде қала береді және ҚҚС төлеуден босатылады. Бұл – шағын бизнеске түсетін салмақты азайтуға бағытталған шешім.
Еске салсақ, биыл шілде айында Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Салық кодексіне сәйкес, ҚҚС базалық мөлшерлемесі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 12 пайыздан 16 пайызға дейін өседі.


