NoFake

Ата-ананы ұл мен қызы алаяқтан қорғай алады: банк қосымшасында жаңа қызмет

Коллаж: nofake.kz/

Kaspi.kz жаңа сервис ұсынады. «Сенімді адам» деп аталатын қызмет арқылы 21 жастан асқан клиент ата-анасының жеке шоттағы қаржысын телефон, интернет алаяқтарынан қорғай алады. Ал «сенімді адамды» тіркеу үшін ата-ананың жасы 40-тан асуы тиіс, деп хабарлайды nofake.kz/.

Ата-ана әдеттен тыс немесе күмәнді операция жасауға тырысқан жағдайда сервис автоматты түрде іске қосылады. Мысалы, бөтеннің шотына қомақты қаржы аударуға, онлайн сауда немесе күмәнді төлем жасауға оқталса, жүйе дереу әрекет етеді.

Мұндай жағдайда Kaspi.kz қызметкері ата-ананың сенімді адамына, яғни баласына хабарласады және қосымшада хабарлама жібереді. Бала 24 сағат ішінде операцияны растайды немесе бас тартуы керек. Сонда ата-ана жалғыз шешім қабылдамайды, баласымен ақылдаса отырып әрекет етеді. «Сенімді байланыс» — бұл ата-ананың қаржысына қатысты маңызды шешімдерді бақылауға мүмкіндік беретін қосымша қауіпсіздік шарасы», — дейді Kaspi.kz өкілдері.

Жаңа сервис кредит өтеу, Kolesa.kz арқылы автонесие рәсімдеу, өз шоттары арасындағы аударым, Kaspi Travel-де тур, ұшақ немесе пойызға билет сатып алуға араласпайды. Мұндай операцияларды ешкімнің рұқсатынсыз жүзеге асыра алады.

Банктің мұндай сервисті іске қосуы орынды да. Өйткені алаяқтардың негізгі құрбаны – егде жастағы адамдар. Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстанда бірінші жартыжылдықта интернет-алаяқтыққа байланысты 14 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Келтірілген залал 6 миллиард теңгеден асқан, алайда соның тек төрттен бір бөлігі ғана қайтарылған.

Оқу үшін