Салық органдары атынан 270-есеп тапсырылмаған деген хабарлама таратылмайды

Желіде салық төлеушілерге белгісіз нөмірлерден келген хабарламалар тарап жатыр. Онда салық органдарының атынан «есеп тапсырылмаған» деген желеумен код пен жеке дерек сұралады. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпараттың жалған екенін және мұндай хабарламалар алаяқтар тарапынан таратылып жатқанын ресми түрде растады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Әлеуметтік желіде тараған жазбаларда алаяқтардың салық төлеушілерді алдап, жеке деректерін сұрауға тырысқаны айтылған.

«Алаяқтар белсенді әрекет етіп, екі жағдай тіркелді: олар кәсіпкерлерге қоңырау шалып, “270-есеп тапсырылмаған” деп ескертіп, шоттарды бұғаттаймыз деп қорқытады. Кейін түрлі кодтар мен деректерді сұрайды. Назар аударыңыздар! Салық органдары ескертулерді тек салық төлеушінің жеке кабинетіне жібереді және ешқашан кодтарды сұрамайды!», — делінген жазбада.
Мұндай хабарламалардың мақсаты – азаматтардың сеніміне кіріп, шатастыру және жеке мәліметтерін иемдену.
Кірістер комитеті азаматтарды сақ болуға шақырды
Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) арнайы ескерту жариялап, тұрғындарды барынша мұқият болуға шақырды.
«Хабарламаларды интернет-алаяқтар таратып отыр. Сондықтан азаматтар күмәнді хаттарға сенбеуі керек, бөгде сілтемелерге өтпеу, белгісіз тұлғаларға ақша аудармау және алынған хабарламалардың шынайылығын міндетті түрде тексеру қажет», — делінген ресми хабарламада.
Комитеттің түсіндіруінше, салық төлеушілерге ескертулер мен хабарламалар тек ресми арналар арқылы жіберіледі:
eGov.kz немесе kgd.gov.kz порталындағы «Салық төлеушінің кабинеті»;
электронды құжат айналымы жүйесі арқылы ресми хаттар;
верификацияланған әлеуметтік желідегі ресми аккаунттар;
www.kgd.gov.kz сайтындағы хабарламалар мен баспасөз хабарламалары;
байланыс орталығының 1414 нөмірі.
Мемлекеттік кірістер комитеті кез келген басқа көзден келген хабарламаларға сенбеуге және жеке немесе қаржылық ақпаратты (ЖСН, банк деректемелері, ЭЦҚ) ешкімге бермеуге кеңес береді.
Күмәнді хабарлама түскен жағдайда азаматтар скриншот жасап, жіберушінің нөмірін жазып алып, құқық қорғау органдарына хабарлауы қажет. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда 1414 нөміріне немесе жергілікті кірістер басқармасына жүгінуге болады.


