NoFake

ЖИ манипуляция үшін қолданылмауы тиіс-Президент

Фото: Акорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық Digital Bridge-2025 технологиялық форумында жасанды интеллект қазақстандықтардың мінез-құлқына манипуляция жасау үшін қолданылмауы керек екенін айтты, деп хабарлайды nofake.kz/.

«Біз технологиялар әлеуметтік теңсіздікті күшейтпеуі және азаматтардың мінез-құлқы мен таңдауына манипуляция жасау құралы ретінде қолданылмауы үшін тиімді шаралар қабылдауымыз керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның пікірінше, жасанды интеллект ғаламдық өркениеттің басты түрлендіруші күшіне айналды.

«Жасанды интеллект бүгін бізді адам болмысының мәнін қайта ой елегінен өткізуге мәжбүрлеп отыр. Бұл — барлығымыз үшін іргелі сын-қатер. Сондықтан осы технологияның мәні мен даму барысын түсіне алатын инженерлердің, басқа да мамандардың, соның ішінде гуманитарлардың жаңа буынын қалыптастыру қажет», — деп атап өтті мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, жасанды интеллектіні дамытуға философтар, әлеуметтанушылар және заңгерлер де қатысуы тиіс. Бұл әртүрлі қоғамдардың өзіндік болмысын, дәстүрлерін, құқықтық нормалары мен моральдық ұстанымдарын көрсету үшін маңызды.

«Алгоритмдер белгілі бір артықшылыққа ие топтардың мүддесі үшін жалпыға ортақ құндылықтар мен ойлау үлгілерін таңып, әлемнің мәдени алуандығын жоюына жол беруге болмайды. Әділеттілік дегеніміз — технологиялар барлығына қызмет етуі тиіс, тек таңдаулыларға ғана емес», — деп түйіндеді Президент.

Оқу үшін