Энергетика министрлігі: Қазақстан Өзбекстанға бензин сатпайды

Еліміздің Энергетика министрлігі «Қазақстан бензинін Өзбекстан сатып алып жатыр» деген ақпаратты жоққа шығарды. Кейбір БАҚ осындай жаңалық таратты. Ведомствоның мәліметінше, қазір Қазақстаннан ешбір елге бензин экспортталып жатқан жоқ.
Министрлік елде мұнай өнімдерін сыртқа шығаруға тыйым салынғанын, ал заңсыз экспорт пен контрабанданың алдын алу бойынша арнайы жоспар жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.
БАҚ-тағы сілтемелер 2025 жылдың көктемінде қабылданған уақытша шешімге қатысты. Ол кезде елде бензин қоры артық болғандықтан, АИ-92 бензинінің аз көлемін экспорттауға рұқсат берілген. Бұл – бір реттік және стандартты халықаралық тәжірибе болған. Маусымнан бастап экспорт мүлде тоқтатылған.
Бұл – МӨЗ-дердегі (мұнай өңдеу зауыттары) жоспарлы жөндеу жұмыстары мен стратегиялық қор жинақтау мақсатында жасалған. Министрлік мәлімдеуінше, тыйым мен мемлекеттік реттеуді уақытша алып тастау ішкі нарықты тұрақтандыруға көмектесті:
АИ-92 бензин қоры – 70%-ға,
Дизель қоры – 78%-ға артқан.
Қазір ел ішіндегі жанармай нарығы тұрақты, тұтыну толық қамтылып отыр.


