Валюта сатып алған адам ешкімге есеп бермейді — Ұлттық банк

Елімізде жеке тұлғалар шетел валютасын неге сатқанын немесе сатып алғанын түсіндіріп, мемлекетке толық мәлімет беруге міндетті емес. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі мәлімдеді. Atameken Business телеарнасы инстаграм парақшасына «Казахстанцы будут подтверждать цели покупки валюты» деген тақырыпта ақпарат жариялады. Материалда «межелі сома алдағы уақытта арнайы актте көрсетіледі» деп те жазылған.

Ұлттық банк бұл ақпаратты жоққа шығарды және nofake.kz/ тілшісіне шетел валютасына қатысты операция тәртібін түсіндіріп берді.
Жеке тұлғадан, яғни қарапайым азаматтан шетел валютасын сатқанда немесе сатып алғанда сұрау болмайды. Шектеу де жоқ. Бірақ заңды тұлғалар мемлекетке мәлімет беруге міндетті. Олар сомасы 50 мыңнан асатын АҚШ долларын сатып алмас бұрын, оны қайда жұмсайтынын түсіндіреді. Шетел валютасы 10 күн ішінде дәл сол мақсатта жұмсалмаса, заңды тұлға қайта теңгеге конвертация жасауы тиіс,-дейді Ұлттық банк өкілі.
Бұл ереже Ұлттық банктің 2019 жылғы 30 наурыздағы нөмірі 40-бұйрығында жазылған. Мақсаты — шетел валютасы нарығын реттеу, заңсыз доллар саудасының алдын алу.
Atameken Business телеарнасының инстаграм парақшасындағы материалға пікір білдірген жұрт «Конститутциялық құқығымыз бұзылды», «Eнді бізге мемлекет не сатып алу, сату керегін міндеттейтін болған ба?» деп, алаңдаушылық білдірген.



