NoFake

Алаяқтар мектеп оқушыларына да қоңырау шалған

Коллаж nofake.kz/

Алаяқтар енді оқушыларға ауыз салды. Жаңа оқу жылы басталғалы қаскөйлер бірнеше рет балаларға қоңырау шалып, өзін мұғалім ретінде таныстырған. Сондықтан еліміздің Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарды сақ болуға шақырды.

Алаяқтар «электрондық күнделікті қайта шығару» керек деген сылтаумен ұялы телефонға келген кодты сұраған. Балалар ата-анасына немесе мектепке көмектесіп жатырмын деп ойлап, қаскөйлердің айтқанын бұлжытпай орындаған. Сөйтіп, алаяқтарға мемлекеттік қызмет, онлайн-банкинг немесе туыстарының банк шоттарын басқаруға жол ашып берген.

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарға балаларымен алдын ала сөйлесіп, мұғалім мен мектеп қызметкерлері ешқашан SMS-код немесе банк деректерін сұрамайтынын түсіндіруді ұсынады. Сондай-ақ, балаға кез келген жағдайда алдымен ата-анасына хабарласуды үйрету қажет.

Күмәнді қоңыраудан күдіктенсеңіз, құқық қорғау органына немесе 111 Байланыс орталығына хабарласуға болады.

Балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-аналардың қырағылығына байланысты, деп ескертеді комитет.

Оқу үшін