Өзбекстан СІМ Ауғанстанға 57 тікұшақ беріледі деген ақпаратты жоққа шығарды

Kabul Times басылымында жарияланған Өзбекстанның Ауғанстан билігіне 57 тікұшақ беруді жоспарлап отырғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жөнінде Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады.
Бұған дейін Kabul Times «Талибан» қозғалысының өкілі Забихулла Муджахидке сілтеме жасап, Ташкент жақын арада Кабулға авиациялық техниканы өткізеді деп хабарлаған болатын.
Өзбекстан СІМ баспасөз хатшысы Ахрор Бурханов бұл деректі бұқаралық ақпарат құралдарына жоққа шығарды.
Айта кетейік, 2021 жылы талибтер билікке келгеннен кейін ауған әскери қызметкерлері Өзбекстанға 46 бірлік әуе техникасын айдап әкелген еді. Оның ішінде әскери-транспорттық тікұшақтар мен шабуылдаушы ұшақтар болған. Биыл қыс айларында Ташкент АҚШ-қа осындай техниканың жетеуін қайтарған болатын.


