Ақшаңызға көз тіккен алаяқтар қандай айла қолданады

Коллаж: Polisia.kz
Алаяқтар азаматтардың ақшасы мен жеке деректерін иемдену үшін әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып жүр. Абай облысының полиция департаменті интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдерін атап, одан қорғану жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Банк қызметкерінің атынан қоңырау шалу
Алаяқтар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың шотындағы қаражатқа қауіп төніп тұрғанын айтады. Олар SMS-кодты, банк картасының құпия деректерін сұрайды немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіруге тырысады. Полиция банк қызметкерлері мұндай құпия ақпаратты сұрамайтынын ескертеді.
Жалған инвестициялық жобалар
Алаяқтар қысқа мерзімде жоғары табыс табуға уәде беріп, азаматтарды күмәнді жобаларға ақша салуға үгіттейді. Адамдардың сеніміне кіру үшін танымал тұлғалардың бейнесін, соның ішінде жасанды интеллект көмегімен жасалған дипфейктерді пайдалануы мүмкін.
Фишинг және жалған сайттар
Қаскөйлер банктердің, мемлекеттік мекемелердің немесе белгілі ұйымдардың ресми сайттарына ұқсас жалған интернет-парақшалар жасайды. Осы арқылы азаматтардың жеке және банктік деректерін қолға түсіруге тырысады.
Интернет-дүкендердегі алаяқтық
Алаяқтар тауарларды нарықтағы бағасынан әлдеқайда арзан ұсынып, алдын ала төлем жасауды сұрайды. Ақша аударылғаннан кейін сатушы байланысқа шықпай, тауар жеткізілмейді.
Мұндай жағдайлар пәтер жалдау, автокөлік және басқа да мүлікті сатып алу кезінде де кездеседі.
Туыстар мен таныстардың атынан ақша сұрау
Алаяқтар өзгенің мессенджердегі аккаунтына заңсыз кіріп, оның атынан туыстары мен таныстарына хабарлама жібереді. Қиын жағдайға тап болғанын айтып, шұғыл ақша аударуды сұрайды.
Полиция мұндай хабарлама алған жағдайда ақша жібермес бұрын сол адамға тікелей қоңырау шалып, ақпаратты тексеруге кеңес береді.
Жеткізу қызметінің атын жамылу
Алаяқтар курьерлік қызметтің атынан хабарласып, сәлемдемені жеткізу ақысын төлеу немесе тапсырысты растау үшін арнайы сілтемеге өтуді ұсынады. Осылайша азаматтардың жеке және банктік деректерін иемденуі мүмкін.
Жалған ұтыстар мен сыйлықтар
Азаматтарға бағалы сыйлық ұтып алғаны туралы хабарлама жіберіледі. Алайда сыйлықты алу үшін алдын ала салық, комиссия немесе жеткізу ақысын төлеу талап етіледі.
Бұдан бөлек, полиция азаматтардың жеке деректерін пайдаланып, олардың атына заңсыз несие рәсімдеу және әлеуметтік желіде танысып, сеніміне кіргеннен кейін түрлі сылтаумен ақша сұрау сияқты алаяқтық тәсілдерінен де сақтануды ескертеді.
Алаяқтардан қалай қорғануға болады?
Полиция азаматтарға мынадай қауіпсіздік шараларын ұсынады:
- SMS-кодтарды, PIN-кодтарды, банк картасының CVV-кодын және құпиясөздерді ешкімге бермеңіз;
- күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
- жеке деректеріңізді бөгде адамдарға жібермеңіз;
- қысқа мерзімде жоғары табыс табуға уәде беретін ұсыныстарға сенбеңіз;
- ақша аудармас бұрын ақпараттың рас-өтірігін тексеріңіз.
Алаяқтардың құрбаны болсаңыз, не істеу керек?
Ең алдымен банкке хабарласып, картаңыз бен шотыңыздағы операцияларды бұғаттау қажет. Содан кейін полицияға арыз беріп, алаяқтармен жазысқан хабарламаларды, телефон нөмірлерін және ақша аударылғанын растайтын түбіртектерді сақтаған жөн.
Есіңізде болсын: асықтыру, қорқыту және оңай олжаға кенелуді ұсыну – алаяқтар жиі қолданатын психологиялық айлалар. Қандай жағдай болмасын, ақша аудармас бұрын ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріңіз.


