Жер жазық па, инопланетяндар бар ма — Астрофизик жауап берді

Коллаж: NoFake.kz
Халық арасында аққан жұлдызды адам өлімімен байланыстыратын наным бар. Ал ғылым бұл құбылысты қалай түсіндіреді? Ай қалай пайда болды? Жер бір күні жойылуы мүмкін бе? Қазақстандық астрофизик Бекдәулет Шүкірғалиев NoFake.kz тілшісіне берген сұхбатында осы сұрақтарға жауап берді.
Жердің пішіні қандай?
Ғалым Жердің пішінін апельсинге теңеді. Жер полюстер тұсында сәл қысыңқы болғандықтан, оның орталығынан полюске дейінгі қашықтық экваторға дейінгі қашықтықтан қысқалау.
«Жалпы халыққа түсінікті түрде айтатын болсақ, Жер шар тәрізді, домалақ деп айтамыз», — деді астрофизик.
Шүкірғалиевтің сөзінше, Жер бетіндегі суды түгел алып тастаса, теңіз түбіндегі терең ойыстар көрінер еді. Осы ойыстар мен құрлықтағы тауларды қоса елестетсек, Жердің беті кедір-бұдыр тасқа ұқсар еді.


