Жалған билет сататын сайттарды қалай анықтауға болады: сарапшы кеңесі

Коллаж: MidJourney
Қазақстанда 2026 жылдың 10 айында құқыққа қайшы контенті бар 33 876 интернет-ресурс бұғатталған, деп хабарлайды NoFake.kz.
Әлеуметтік желіде концертке билет сатып алып, алданып қалғанын айтқан азаматтардың жазбалары тарады. Желі қолданушыларының бірі Janaafisha.kz сайтының ұжымдық шағымдардың нәтижесінде бұғатталғанын, алайда оның орнына жаңа интернет-ресурс пайда болғанын жазған.
«Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Janaafisha.kz сайты бұғатталды! Бірақ алаяқтар берілмей жатыр. Олар Go.janaafisha.kz деген жаңа сайт ашты. Сақ болыңыздар! Бұл сайттардан билет сатып алмаңыздар», – деп жазған желі қолданушысы.

Жазба астында аталған ресурстан билет сатып алып, концертке кіре алмағанын, сондай-ақ төлеген ақшасын қайтара алмай жүргенін айтқан азаматтар пікір қалдырған. Редакция тілшісі бұл сайтты Гугл іздеу жүйесінде іздеп көріп, мынадай көрініске тап болды. Сайт домені енді «afishamain.cfd» болып өзгертіліпті.

Бір интернет-ресурс бұғатталғаннан кейін оның басқа мекенжаймен қайта пайда болуына тосқауыл қою мүмкін бе? Жалған билет сататын сайттарды қалай ажыратуға болады? Редакция бұл сұрақтарды Ішкі істер министрлігі мен киберқауіпсіздік саласындағы сарапшыға қойды.
ІІМ интернет-алаяқтықпен қалай күресіп жатыр?
Ведомствоның мәліметінше, ішкі істер органдары құқыққа қайшы мақсатта пайдаланылатын интернет-ресурстарды анықтау үшін желі кеңістігіне тұрақты мониторинг жүргізеді. Биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде құқыққа қайшы контенті бар 33 876 интернет-ресурс бұғатталған.
«Құқыққа қайшы әрекет белгілері бар интернет-ресурстар анықталған жағдайда оларға қол жеткізуді заңнамада белгіленген тәртіппен шектеу шараларын қабылдау үшін тиісті материалдар «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданады», – делінген ІІМ-нің редакциямызға берген жауабында.
Бұдан бөлек, министрлік интернет арқылы тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде жасалатын алаяқтықтың алдын алу мақсатында халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Редакция аталған жағдайға байланысты «Tickets First» ЖШС-ға қатысты азаматтардан шағым түскен-түспегенін де сұрады.
«Ішкі істер министрлігі және аумақтық полиция департаменттерінде «Tickets First» ЖШС-на қатысты азаматтарды алдау және жалған билет сату деректері туралы арыз-шағым түскен жоқ», – деп хабарлады ведомство.
Бір сайтты бұғаттау неліктен жеткіліксіз?
QazTech альянсының Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің тең төрағасы Евгений Питолин Janaafisha.kz сайтына қатысты жағдайға киберқауіпсіздік тұрғысынан баға берді.
«Киберқауіпсіздік тұрғысынан Janaafisha.kz сайтына қатысты жағдай алаяқтықтың кең таралған схемаларының бірін көрсетеді. Қаскөйлер жалған сайт жасап қана қоймай, бір домен бұғатталғаннан кейін бұрынғы алдау тәсілін сақтай отырып, жаңа доменді жылдам іске қоса алады», – деді сарапшы NoFake.kz редакциясына берген түсініктемесінде.
Питолиннің пікірінше, мұндай схемалардың жолын кесу үшін анықталған интернет-ресурсты бұғаттаумен шектелмеу қажет. Өзара байланысты домендерді, төлем инфрақұрылымын және фишингтік сілтемелерді тарату арналарын да анықтау маңызды.
Жалған сайтты қалай анықтауға болады?
Интернет арқылы билет сатып алғанда пайдаланушы сайттың түпнұсқалығын өз бетінше тексере білуі керек. Өйткені жалған ресурстарды бір қарағанда ажырату қиын болуы мүмкін.
«Басты қауіп – мұндай ресурс сыртқы көрінісі жағынан шынайы сервистен мүлдем ерекшеленбеуі мүмкін. Алаяқтар дизайнды, логотиптерді, іс-шаралардың фотосуреттерін, билет сатып алу интерфейсін, тіпті төлем жасау элементтерін де көшіріп алады. Сондықтан сайттың сыртқы көрінісіне ғана сүйенуге болмайды», – деді Евгений Питолин.
Сарапшы жалған интернет-ресурстарды анықтаудың бес тәсілін ұсынды:
1. Сайттың мекенжайын тексеріңіз. Алаяқтар түпнұсқа доменнің атауына қосымша сөздер, сандар немесе дефис қосуы, бір әріпті өзгертуі мүмкін. Мекенжайдағы болмашы айырмашылықтың өзі мүлдем басқа ресурсқа кіргеніңізді білдіруі ықтимал.
2. HTTPS белгісін қауіпсіздік кепілі деп қабылдамаңыз. Мекенжай жолағындағы құлып белгісі деректердің шифрланған арна арқылы берілетінін білдіреді. Алайда ол сайттың ресми компанияға тиесілі екенін растамайды.
3. Ресми дереккөздерді тексеріңіз. Билет сатып алу сілтемесін жарнамадан, әлеуметтік желіден немесе мессенджерден көрсеңіз, оған бірден өтпеңіз. Алдымен іс-шара ұйымдастырушысының ресми парақшасында қандай билет сату платформасы көрсетілгенін анықтаңыз.
4. Төлем тәсіліне назар аударыңыз. Жеке тұлғаның банк картасына ақша аударуды, күмәнді сілтеме арқылы төлем жасауды немесе SMS-кодты хабарлауды сұрау күдік тудыруы тиіс. Банк картасының CVV/CVC, PIN-кодын және бір реттік растау кодтарын бөгде адамдарға бермеңіз.
5. Байланыс деректерін зерделеңіз. Заңды тұлға туралы мәліметтердің, нақты байланыс нөмірлерінің, билетті қайтару шарттары мен іс-шара ұйымдастырушысы туралы ақпараттың болмауы алаяқтықтың қосымша белгісі болуы мүмкін.
Питолин қаржылық шығынға ұшырау қаупін азайту үшін онлайн төлемдерге балансы шектеулі виртуалды банк картасын пайдалануды, банк операциялары туралы хабарламаларды қосуды және бейтаныс интернет-ресурстарда карта деректерін сақтамауды ұсынады.
Сондай-ақ жарнамалар мен мессенджерлер арқылы тараған сілтемелерге бірден өтпей, ресми сайттың мекенжайын браузерге өз бетінше енгізген жөн. Билеттерді іс-шара ұйымдастырушыларының ресми парақшаларында көрсетілген платформалардан ғана сатып алу қажет.
Алаяқтарға алданып қалған жағдайда не істеу керек?
Күмәнді интернет-ресурс арқылы төлем жасау қаржылық шығынмен ғана шектелмеуі мүмкін. Қаскөйлер пайдаланушының дербес деректеріне және басқа аккаунттарына да қол жеткізуі ықтимал.
«Егер банк картасының деректерін енгізіп немесе төлем жасап қойған болсаңыз, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттап, операцияға дау айтуға тырысу қажет. Егер аккаунттың құпиясөзін енгізген болсаңыз, оны және дәл сондай құпиясөз қолданылған басқа ресурстардағы құпиясөздерді ауыстырыңыз. Сілтемені, скриншоттарды және төлемді растайтын құжаттарды сақтаңыз. Күмәнді ресурс туралы KZ-CERT қызметіне хабарлауға болады», – деді сарапшы.
Қазақстанда KZ-CERT компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметі кең таралған алаяқтық схемалар туралы ақпарат пен киберқауіпсіздікке қатысты ұсынымдар жариялайды.
«Цифрлық қауіпсіздіктің басты қағидасы – сайттың сыртқы көрінісіне емес, оған кірген дереккөздің сенімділігіне мән беру. Мекенжайды тексеруге бір минут жұмсау кейін ақшаңызды қайтаруға және дербес деректеріңізді қорғауға тырысқаннан әлдеқайда оңай», – деп түйіндеді Евгений Питолин.
Google-дың жасанды интеллекті де сайтқа қатысты қауіп туралы ескертеді
Бір қызығы, аталған интернет-ресурс туралы ақпаратты қарапайым іздеу жүйесі арқылы да алуға болады. NoFake.kz редакциясы Google іздеу жүйесінің жасанды интеллект режиміне Janaafisha.kz сайты туралы сауал қойып көрді.
«Janaafisha.kz, сондай-ақ оның go.janaafisha.kz және afishajana.shop секілді көшірмелері – Қазақстандағы концерттер мен іс-шараларға билет сату сервисі ретінде бүркемеленген алаяқтық ресурс», – делінген Google-дың жасанды интеллект режимі ұсынған жауапта.

ЖИ сондай-ақ ресми концерт ұйымдастырушылары, соның ішінде «Тикетон» платформасы мен полиция департаменті аталған сайттың қызметіне қатысты бірнеше рет ескерту жасағанын мәлімдеді.
Соған қарамастан, Google арқылы қарапайым іздеу жүргізудің өзі аталған ресурсқа қатысты күмән тудыратын ақпаратты көрсетіп отыр. Ал әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, азаматтар әлі де осындай сайттардан билет сатып алып, ақшасынан айырылып жатқанын айтады. Бұл ақпаратты тексеру құралдарының қолжетімді болуымен қатар, оларды күнделікті өмірде қолдана білудің де маңызды екенін аңғартады.


