Үгіт, сауалнама және жалған ақпарат: мәслихат сайлауы кезінде қандай шектеулер бар

Фото: Depositphotos
29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Бас прокуратураның мәліметінше, сайлау қарсаңында 13 заң бұзушылық анықталған. Оның жетеуі тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізуге қатысты. Заң бұзғандардың барлығы әкімшілік жауапқа тартылған.
Үгіт қашан аяқталады?
Сайлау алдындағы үгіт 27 қарашадан 28 қарашаға қараған түні жергілікті уақыт бойынша сағат 00:00-де аяқталады. 28 қарашада және дауыс беретін күні, яғни 29 қарашада үгіт жүргізуге тыйым салынады.
Бұрын ілінген плакаттар мен басқа да баспа материалдары сайлау комиссияларының үй-жайлары мен дауыс беру орындарынан тыс жерде болса, сол күйінде қала береді. Интернетте бұрын жарияланған үгіт материалдарын да өшіру міндетті емес. Алайда оларды сайттың басты бетіне қайта шығаруға болмайды.
Тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізгені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша жеке тұлғаларға 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдар үшін айыппұл мөлшері — 20 АЕК, орта бизнес үшін — 25 АЕК, ірі бизнес үшін — 35 АЕК.
Толтырылған бюллетеньді суретке түсіруге бола ма?
Прокуратура «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сүйеніп, толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіруге және оны дауыс беру күні таратуға тыйым салынатынын еске салды.
Сауалнама нәтижелерін қашан жариялауға болмайды?
24–29 қараша аралығында БАҚ пен онлайн-платформаларда сайлауға қатысты қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындысы туралы болжамдар мен өзге де зерттеулерді жариялауға тыйым салынады. Бұл шектеу кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерін жариялауға да қатысты.
Дауыс беру күні сайлау учаскесінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге де болмайды. Үндеуге сәйкес, сауалнамаға қатысты талаптарды бұзған жеке тұлғаларға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 25 АЕК айыппұл салынады.
Жалған ақпарат таратқандарға қандай жауапкершілік қарастырылған?
Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдарында жалған мәлімет пен заңға қайшы контент таратуға жол берілмейтінін ескертті.
Ведомствоның түсіндіруінше, әрекеттің қауіптілік деңгейі мен келтірілген зиянға қарай жалған ақпарат таратқан адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жауапқа немесе Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.
Бас прокуратура бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу кезінде заңда белгіленген тәртіпті сақтау керектігін де еске салды. Ведомство сайлауға қатысушыларды заң талаптарын сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерден бас тартуға шақырды.


