Астана мен Алматыда ЖРВИ өршіді: ауруханалардағы жағдай қандай

Фото: Depositphotos
Әлеуметтік желіде тұрғындар вирустың өршіп, ауруханаларда орын тапшылығы байқалғанын айтып, дабыл қағуда. Астана мен Алматының денсаулық сақтау саласына жауапты мекемелері эпидемиологиялық жағдайға қатысты ресми мәлімет жариялады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Соңғы күндері әлеуметтік желіде балалардың жоғары температурасы түспей жатқанын, ауруханаларда науқастардың көбейгенін айтып, алаңдаушылық білдірген жазбалар тарауда. Желі қолданушыларының бірі қызымен бірге төрт күн ауруханада жатып, қайтадан инфекция жұқтырғанын мәлімдеген.

«Қыздар, адам көп жиналатын жерлерге бармаңыздар! Қазір өте ауыр вирус тарап жатыр. Ауруханада орын жоқ! Төрт күн ауруханада жаттық, бірақ осы уақыт ішінде жаңадан түскен науқастар көп болғандықтан қайтадан жұқтырып алдық. Қызыммен бірге жатқанда өзім де ауырдым. Қолхат жазып, үйге шықтым. Енді үйде емделеміз», – деп жазған желі қолданушысы.
Ал ресми органдар ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық таралуына байланысты ауруханалардағы төсек-орын санын арттырып жатқанын хабарлады.
Астанада 220 бала ауруханада емделіп жатыр
Астана әкімдігінің 21 қарашада жариялаған ресми мәліметінше, елордада жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаудың маусымдық өсуі жалғасып жатыр.
Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Әшімханов қаладағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.
Қазіргі уақытта елорда стационарларында ЖРВИ және тұмау диагнозымен 313 науқас ем қабылдап жатыр. Оның 220-сы – бала, 30-ы – жүкті әйел.
«Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында 2 569 науқас амбулаториялық ем қабылдай бастаған. Олардың қатарында 1 551 бала және 20 жүкті әйел бар. Бұдан бөлек, емханалардың бақылауында ЖРВИ жұқтырған 4 559 науқас бар, оның ішінде 3 132 адам амбулаториялық ем қабылдап жатыр», — деп хабарлады мамандар.
Ауруханалардағы төсек-орын саны да арттырылған. Мамандар медициналық ұйымдарда респираторлық инфекция белгілері бар азаматтарды өзге келушілерден бөлек қабылдайтын сүзгі кабинеттері жұмыс істейтінін айтады.
Олар жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 08:00-ден 18:00-ге дейін ашық.
Елордада тұмауға қарсы вакцинация да жалғасып жатыр. Ресми мәлімет бойынша, 143 619 тұрғын екпе алған. Оның 29 592-сі – бала, 114 027-сі – ересек адам.
Алматыда ауруханалардағы орын саны көбейтіледі
Бұған дейін, 20 қарашада, Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Gov.kz порталында ЖРВИ жұқтырған балаларды ауруханаға жатқызуға арналған төсек-орын қоры ұлғайтылып жатқанын хабарлаған.
Ведомствоның мәліметінше, қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында қосымша 67 резервтік төсек-орын ашу жоспарланған. Осылайша, олардың жалпы саны 360-тан 427-ге дейін ұлғаяды.
«1–20 қараша аралығында аурухананың қабылдау бөлімшелеріне 14 166 өтініш түсті. Оның ішінде 2 773 бала (19,6%) ауруханаға жатқызылды. Қалған 11 393 науқасқа (80,4%) ауруханаға жатқызусыз, қабылдау бөлімшелері деңгейінде медициналық көмек көрсетілді», — деп хабарлады басқарма.
Қазан-қараша айларында стационарға жатқызылған 6 482 баланың 3 422-сіне ЖРВИ, 1 208-іне энтеровирустық инфекция, 968-іне пневмония диагнозы қойылған.
«2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда балалар арасындағы сырқаттанушылық құрылымында елеулі өзгерістер байқалмайды. Респираторлық және басқа да инфекциялардың маусымдық өршуі жыл сайын қайталанатын сипатқа ие», — дейді мамандар.
Мамандар тұрғындарға қолды жиі жуып, бөлмелерді желдетуге, адам көп жиналатын орындарда сақтық шараларын ұстануға кеңес береді. Ауру белгілері пайда болған жағдайда өз бетінше емделмей, дәрігерге жүгіну қажет.


