TikTok-тағы 250 мың теңге төлем туралы ақпарат рас па?

Фото: Depositphotos
Әлеуметтік желіде 14 қарашадан бастап қазақстандықтарға 250 мың теңге төленетіні туралы ақпарат тарады. Редакция тілшісі аталған видеоға қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінен ресми түсінік сұрады.

Видеода 16 мен 80 жас аралығындағы қазақстандықтар 14 қарашадан бастап жаңа әлеуметтік бағдарлама бойынша 250 мың теңге ала алатыны айтылады.
«Бағдарлама жүйеде төлем алуға құқығы бар азаматтарға қолжетімді. Деректерді тексеру мерзімі 18 қарашада аяқталады. Тіркеліп үлгеріңіз. Ресми тізім мен талаптарды біздің профильден қараңыз», – дейді роликтегі дауыс.
Екі күн бұрын жарияланған ақпаратты 1857 қолданушы бөліскен. Бұл көрсеткіштер қомақты қаржы уәде етіп, азаматтарды асықтыратын хабарламалардың әлеуметтік желіде қаншалықты жылдам таралатынын көрсетеді. Алайда хабарламада төлемнің қандай мемлекеттік бағдарлама аясында берілетіні, оған кімдердің құқығы бар екені және қаржының қайдан бөлінетіні туралы нақты мәлімет жоқ.
Министрліктің жауабы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төлем туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.
«Аталған видео жалған. Мұндай парақшалар нақты бағдарламаның атауын, басқа да мәліметтерді де көрсетпейді. Тек өздерінің профиліне өтуге шақырады. Ал пайдаланушы сол жерге өткеннен кейін не болатыны белгісіз», – деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметінің өкілі.
Жалған ақпараттағы манипуляция белгілері қандай?
Жазбаның мәтінін талдау оның оқырман сеніміне әсер ету үшін бірнеше тәсілді қолданғанын көрсетеді.
Біріншіден, нақты бағдарлама атауы жоқ. Авторлар «жаңа әлеуметтік бағдарлама» деген жалпылама тіркесті қолданған. Алайда бағдарламаның ресми атауы, оны бекіткен құжат немесе жауапты мемлекеттік орган көрсетілмеген. Бұл ақпаратты ресми дереккөзден тексеруді қиындатады.
Екіншіден, төлем алушылардың санаты түсініксіз. Хабарламада 16 мен 80 жас аралығындағы азаматтар аталады. Бірақ кейін төлем тек «жүйеде құқығы бар» адамдарға қолжетімді екені жазылған. Қандай жүйе екені және азаматтардың құқығы қандай талаптар бойынша анықталатыны түсіндірілмейді. Осылайша, кең аудиторияны қызықтыратын уәде нақты шарттарсыз берілген.
Үшіншіден, жасанды асықтыру тәсілі қолданылған. «Деректерді тексеру мерзімі 18 қарашада аяқталады», «Тіркеліп үлгеріңіз» деген сөздер оқырманға уақыт шектеулі екенін сездіреді. Алайда бұл мерзімді растайтын ресми құжат немесе хабарлама ұсынылмаған. Мұндай тәсіл адамды ақпаратты тексермей, сілтемеге өтуге итермелеуі мүмкін.
Төртіншіден, ресми ақпараттың орнына белгісіз парақшаға бағыттайды. Авторлар бағдарламаның талаптары мен төлем алушылар тізімі өздерінің профилінде екенін мәлімдейді. Бірақ мемлекеттік органның ресми сайтына немесе нақты құжатқа сілтеме жасамайды. Бұл – күмәнді хабарламаларда жиі кездесетін белгілердің бірі.
Бесіншіден, төлем туралы уәде дәлелмен бекітілмеген. Жазбада 250 мың теңгенің бір реттік немесе тұрақты төлем екені, оның қандай бюджеттен қаржыландырылатыны және тағайындау тәртібі түсіндірілмейді.
Еске салайық, бұған дейін ақпан айында министрлік мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде 2026 жылы табысы 232 мың теңгеден төмен отбасыларға, белгілі бір сырқаты бар адамдарға 432 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем тағайындалатыны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеген еді.


