NoFake

Әл-ауқатты бағалау калькуляторы жәрдемақыға әсер ете ме?

Әл-ауқатты бағалау калькуляторы жәрдемақыға әсер ете ме?

Фото: gov.kz

Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақы алатын азаматтар отбасының материалдық жағдайын арнайы калькулятор арқылы тексере алады. Еңбек министрлігі сервистің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 17 қарашада жариялаған мәліметіне сәйкес, әл-ауқатты бағалау калькуляторы отбасының материалдық жағдайын алдын ала анықтауға арналған. Сервис тек әлеуметтік жәрдемақы алушыларға қолжетімді және үш кезеңнен тұрады.

Калькулятор қалай жұмыс істейді?

Бірінші кезең – отбасы туралы мәліметтер

Пайдаланушы алдымен жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізіп, жүйеге кіреді. Осыдан кейін мемлекеттік дерекқорлардан оның жасы, жынысы, мүгедектігі немесе созылмалы аурулары, жұмыспен қамтылуы және кредиттері туралы ақпарат автоматты түрде жүктеледі.

Азамат бұл мәліметтердің дұрыстығын тексеріп, қажет болған жағдайда түзете алады. Кейін бір мекенжайда тұратын, сол жерде тіркелген және ортақ шаруашылық жүргізетін отбасы мүшелері туралы ақпаратты енгізеді.

Екінші кезең – табыс пен мүлік

Жүйе азаматтың атына тіркелген жылжымайтын мүлік, тұрғын үй, жер учаскелері, жеңіл және коммерциялық көліктер, ауыл шаруашылығы техникасы мен бизнестегі үлестері туралы деректерді автоматты түрде көрсетеді.

Пайдаланушы оларды тексеріп, отбасының басқа мүшелеріне тиесілі мүлік пен әрқайсысының орташа айлық табысын енгізуі керек.

Үшінші кезең – бағалау нәтижесі

Барлық мәлімет енгізілгеннен кейін жүйе отбасының әл-ауқат деңгейін алдын ала есептеп көрсетеді. Сондай-ақ пайдаланушы калькулятордың жұмысына бес балдық шкала бойынша баға беріп, пікір қалдыра алады.

Калькулятор нәтижесі жәрдемақыға әсер ете ме?

Министрлік калькулятордың тек ақпараттық сипатта екенін атап өтті. Яғни оның нәтижесі азаматтың әлеуметтік төлемдеріне әсер етпейді.

Атап айтқанда, калькулятор көрсеткен нәтиже, азаматтың онымен келісуі немесе келіспеуі, сондай-ақ сервиске берген бағасы:

  • жәрдемақыны тағайындауға;
  • төлем мөлшеріне;
  • жәрдемақыны жалғастыруға немесе тоқтатуға әсер етпейді.

Сонымен қатар калькуляторды пайдалану әлеуметтік көмектен бас тарту туралы өтініш болып саналмайды.

Ведомство есептеу нәтижесінің дәлдігі енгізілген мәліметтердің толықтығына байланысты екенін ескертеді. Егер отбасы мүшелерінің бірі немесе оның табысы мен мүлкі көрсетілмесе, қорытынды баға отбасының нақты жағдайын көрсетпеуі мүмкін.

Мәліметтер қате болса, қайда жүгіну керек?

Егер калькуляторда азаматтың мүлкі туралы қате ақпарат көрсетілсе, оны ресми түрде түзетуге болады. Ол үшін eGov.kz порталындағы жеке кабинет немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы уәкілетті органдарға өтініш беру қажет. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге болады.

Жалған калькуляторлардан сақ болыңыз

Министрлік әл-ауқатты бағалау калькуляторы тек eGov.kz порталында және eGov Mobile ресми қосымшасында қолжетімді екенін ескертті. Мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде, бөгде сайттарда немесе SMS арқылы таралатын өзге калькуляторларға сілтемелер жалған сервистер болып саналады. Сондықтан азаматтарға жеке деректерін енгізбес бұрын сайттың ресми екеніне көз жеткізу ұсынылады.

Оқу үшін